Никола Спасовтың Петропавл клубына бас бапкер болатындығы біраздан бері айтылып жүрген сыбыс еді. Бірақ «Қызыл-Жар» футбол клубы бұл ақпаратты бүгін ғана таратты. Алайда ресми сайты арқылы емес, тек ВК әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
Енді осы ақпаратқа сенсек, Никола Спасов «Қызыл-Жар» клубының бас бапкері болып бекітілген. 1958 жылы 15 желтоқсанда туған аталмыш маман 1977-1994 жылдар аралығында Болгария және Португалия клубтары сапында ойнаған көрінеді.
1998 жылы бапкерлік қызметке ойысқан. «Верин» (Испания), «Имортал» (Португалия), «Черно Море» (Болгария), «Марек Дупница» (Болгария), «Брегалница» (Македония), «Светкавица» (Болгария), «Спартак» (Варна, Болгария), «Каликара» (Болгария) клубтары сапында жаттықтырушы, бас бапкердің көмекшісі және бас бапкер болып еңбек еткен.
Никола Спасовтың соңғы жаттықтырған ұжымы, 2016/2017 жылдар маусымында «Царско Село» (Болгария) клубы болған. Негізі, ол ортаңқол «Черно Море» клубымен өз елінің кубогы мен суперкубогын жеңіп алған. Осы команданың ойынын түлетіп, аты шыққан. Еурокубок додасында өнер көрсеткен.
Енді Никола Спасовқа «Қызыл-Жар» клубының басшылары сенім артып отыр. «Черно Море» клубындағы жетістіктерін қазақ додасында жалғастырады деп үміттенеді. Болгар маманы петропавлдықтардың осы аптаның ортасында басталған жаттығу жиынында өз жұмысын бастап та кеткен көрінеді.
14 қаңтарға дейін созылатын «бой қыздыру» жиынында екі жаттығу жұмысын өткізіп те үлгерген. Өкініштісі, «Қызыл-Жар» клубын премьер-лигаға алып шыққан және соңғы жылдары Петропавл футболына өлшеусіз еңбек сіңірген Владимир Фомичёв жайлы ештеңе жазылмаған...