Zona Técnica Futsal Portugal басылымы Словенияда өткен ХІ Еуропа чемпионатының таңдаулы құрамасын құрастырыпты. Бір қызығы, оның құрамында жүлдеге ілікпей, 4-орынға ие болған Қазақстан құрамасының екі ойыншысы жүр. Олар – Игита мен Дуглас.
Әрі futsalportugal.com басылымы ұлттық құрамамыздың екі ойыншысын ерекше атап өткен. Игитаның тасқамал қақпашы екендігіне айрықша тоқталып өтіп, жартылай финалда Испания құрамасының қақпасына соққан голына тәнті болғандарын жасырмаған.
Ал Дугластың Қазақстан құрамасын алға сүйрегендігіне айрықша көңіл аударған. Тіпті оның көбінесе алаңда болып, ойын барысында тым аз дем алғандығын да тілге тиек еткен. Дуглас – футзалшылардың ішінде ең көп ойнаған ойыншы. Тек қақпашылар ғана алаңда одан көп уақыт өткізген.
Сонымен, futsalportugal.com басылымының таңдаулы құрамасы: қақпашы – Игита (Қазақстан); алаңдағы ойыншылар – Дуглас (Қазақстан), Пола (Испания), Рикардинью (Португалия) және Эдер Лима (Ресей).
Ал UEFA тұжырымы бойынша ХІ Еуропа чемпионатының ең үздік ойыншысы Рикардинью болып танылды. Ол Словениядағы құрлық біріншілігінде 7 (жеті) гол соғып, "Еуро-2018" сұрмергені де атанды. Ал Дугластың қолмен қойғандай етіп берген пастарынан кейін Қазақстан құрамасы 7 гол соқты. Бұл көрсеткіш жағынан онымен теңесе алар ешкім болмады.