Вернуться к списку статей

Азамат Айтқожин – Ұлттық құраманың бас бапкерлігінен Байсуфинов пен Стойлов үміткер

Футбол
1K
Азамат Айтқожин – Ұлттық құраманың бас бапкерлігінен Байсуфинов пен Стойлов үміткер
Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс Конференциясынан кейін ұйымның бас хатшысы Азамат Айтқожин журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, ұлттық құрамамыз жайлы сұрақтарға жауап берді.

– Азамат Серікұлы, кешелі бері ұлттық құрамамыздың келесі айда Болгария, Аргентина ұлттық құрамаларымен жолдастық кездесулер өткізетіні жайлы ақпараттар тарап жүр. Бұл қаншалықты рас?

– Иә, келесі айда екі жолдастық ойын өткіземіз. Венгрия және Болгария федерацияларымен келісімге келдік. Екі матчты да түзде өткіземіз. Ұлттар лигасы күзде өтетіні белгілі. Оған дейінгі жоспарымыз жайлы әлі айта отырармыз. Дегенмен, Аргентина федерациясымен ешқандай да келіссөздер жүргізген жоқпыз. Бұл жай ғана сыбыс.

– Бұған дейін сіз ұлттық құрамамыздың бас бапкерін Конференциядан кейін тағайындаймыз деген едіңіз. Үміткерлер қатарында кімдер бар?

– Иә, Конференция өтті. Енді Федерация президентіне үміткерлердің тізімін ұсынамыз. Жақын арада бас бапкер де белгілі болады. Қазіргі таңдай 5-6 кандидат бар. Олардың арасында отандық маман Талғат Байсуфинов пен «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов та бар.

– Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгінде Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, тағы бір тарихи жетістіктің алдында тұр. Күнде ҚФФ сайты арқылы пікір білдіріп, жетістікке ортақтасып жатырсыз. Бірақ өткен жылы Федерация футзалшыларымызды формамен де қамтамасыз ете алмаған еді. Қазір қандай жақсылық жасап жатырсыздар?

– Жейдедегі логотипке келер болсақ, ұлттық құрамамыздың формасы өткен жылы ерте сатып алынып, оған Федерацияның ескі эмблемасын жабыстырылған. Ол кезде жаңа төлтаңба әлі бекітілмеген кез еді. Сондықтан, Еурода футзалшыларымыз ескі логотиппен өнер көрсетіп жүр. Дегенмен, ҚФФ футзалшыларымызға қолдау көрсетіп жатыр. Өз басым, әр ойынның алдында бас бапкер Какауға қоңырау шалып тұрамын. Ол телефонның дауысын күшейтіп, менің сөздерімді жігіттерге естіртеді. Бұдан басқа әр жеңіс үшін сыйақы тағайындағанбыз. Алдағы уақытта футзалдан Қазақстан чемпионатының деңгейін көтеруді қолға алып жатырмыз.

– Бас бапкер Какаудың Қазақстаннан кетемін деген мәлімдемесі жайлы не дейсіз?

– Бұл біз үшін де күтпеген мәлімдеме болды. Сербияны жеңгеннен кейін айтты ғой деймін. Кім біледі, бәлкім басқа елдерден ұсыныстар түскен шығар, мүмкін шаршаған болар. Бірақ, елген келген соң Какаумен кездесіп, жақсылап сөйлесеміз. Оны ұлттық құрамада алып қалуға тырысамыз.

– Инфрақұрылым жайлы сұрасақ деп едік. Әділбек Жақсыбековтың кезінде «Астана-Аренаның» салынғанын айтып жатырсыздар. Енді ол қайта келді. Алда жаңа стадиондар салына ма?

– Өткен жылы біз Қазақстан Премьер-лигасындағы стадиондардың сапасына үлкен мән беріп, бес-алты стадионды жауып тастаған едік. Ол аймақтарда күрделі жөндеулер жүргізілді. Одан бөлек, қазір Қарағандыда үлкен заманауи стадионның концепциясы жасалып жатыр. «Шахтер» стадионы шахтаның дәл үстінде тұр екен. Сондықтан, көпшілік үшін қауіпті. Осыған байланысты болашақта Майқұдық жақта жаңа стадион салынуы тиіс. Сондай-ақ, Таразда да жаңа футбол аренасының жобасы жасалуда. Қостанайда да жабық манеж бар. Иә, көлемі стандартқа сай емес, бірақ қыста доп тебуге таптырмас жер. Әлбетте, «Астана-Арена» сияқты стадиондарымыз көп болса екен дейміз. Алайда, қазір бірінші ретте бар стадиондарымыздың сапасын арттырып алсақ жақсы болар еді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика