– Қайрат Рауфұлы, команданың «Спортингке» қарсы дайындығы қалай?
– Дайындық жоспарлы түрде өтіп жатыр. Қазір команда Біріккен Араб әмірліктеріндегі екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтап, елге ұшып келе жатыр. Соңғы екі жолдастық ойында Қытайдың командаларымен кездесіп, жеңіске жеттік. Енді қалған дайындықты Астанада жүргіземіз.
– Жалпы, қытайлықтардың деңгейі қалай екен?
– Қытай Суперлигасының үздік командаларымен кездестік қой. Бірақ, деңгейлері біз күткеннен әлдеқайда төмен болып шықты. Мұндайды күткен жоқ едік. Шынын айтсақ, өзіміз таңғалдық. Легионерлері болмаса, өздерінің ойыншылары әлсіздеу. Бірақ, бюджеттері біздікінен әлдеқайда көп.
– Енді «Спортингпен» болатын текетірестен не күтуге тырысамыз?
– Қарсыласымыз өте тәжірибелі. Бірақ, «Астана» да жеңіске деген құштарлығымен ерекшеленетін команда. Мұны талай рет дәлелдедік. Португалиялықтарға қарсы жігіттер бар күштерін салып, жанкүйерлерін қуантуға тырысады.
– Шабуыл шебіне аздап алаңдайтынымыз рас. Жуниор Кабананганың орнына басқа сұрмерген қарастырып жатқан жоқсыздар ма?
– Жазға дейін Джордже Деспотович пен Алексей Щеткинге сенім артамыз. Егер олардың ойындары үдемізден шықпай жатса, жазғы трансферлік кезеңде басқа шабуылшы қарастырамыз. Негізі, Кабананганы сатуды жоспарламағанбыз. «Спортингпен» болатын текетіресте көмектеседі деп ойладық. Бәрі кенет шешілді ғой. Сол трансферден екі күн бұрын «осылай да осылай, арабтар шақырып жатыр. Сол жаққа кетейін деп едім» деп өзі келді. Ұстап қалуды жөн көрмедік. Өйткені, командада қинап алып қалар болсаң, өзінің де жеңіске деген құштарлығын жоғалтып аласың. Сондықтан, ақылдаса келе жіберуді жөн көрдік.
– Командадағы басқа легионерлердің де кетуі мүмкін екендігі туралы ақпараттарды аракідік естіп қалып жатырмыз.
– Еуропада трансфер уақыты ресми түрде 31 қаңтарда жабылғанымен Ресей, Хорватия сынды кейбір елдерде ақпанның аяғы мен наурызға дейін ашық қой. Сондықтан, мұндай сыбыстардың таралуы заңдылық.
– Дегенмен, «Астанадан» кетуден басты үміткерлердің бірі ретінде Срджан Граховацтың есімі аталып жүр...
– Бәрі де мүмкін. Өйткені, ол жайлы ұсыныстардың түсіп жатқаны жасырын емес. Алдағы уақытта көре жатармыз. Оның үстіне, командада орталық жартылай қорғаушылар аз емес. Марко Станоевич те командаға сіңісіп кетті. Ойыны жақсы екенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Бақтиер Зайнутдинов те бұл шепте ойнай алатынын көрсетті. Сондықтан, қосалқы құрамда ұстап тұрудың маңызы жоқ-ау.
– Ал Патрик Твумаси ше? Командада қаншалықты қалатын болды?
– Патрик «Спортингпен» болатын текетіресте командаға көмектеседі. Оған біз үлкен сенім артып отырмыз. Одан кейінгісі сол текетіреске байланысты болады. Ол жайлы да ұсыныстар көп. Твумаси «Астана» үшін көп еңбек сіңірді. Биыл оның келісімшарты аяқталады. Егер қазір жібермесек, тегін кетіп қалады. Ал қинап ұстасаң, құлшынысын жоғалтып алады.