Вернуться к списку статей

"Астана" "Спортингпен" болатын ойынның қарсаңында Швецияның командасынан ұтылып қалды

Футбол
1K
Еуропа лигасының 1/16-финалы аясындағы «Спортингке» қарсы текетіреске дайындалып жатқан Қазақстан чемпионы «Астана» Швецияның «Хеккен» командасымен кездесіп, 0:2 есебімен есе жіберіп қойды.

80 жылға жуық тарихы болса да ешқашан ел чемпионы атанып көрмеген Гетеборгтың командасы Швеция чемпионатында соңғы маусымда 4-орынға тұрақтаған. Бірақ, ойыны жақсы жолға қойылған ұжым екен. Бірден шабуылға көшіп, кездесудің 4-ші минутында айып соққысынан кейін есеп ашты. Дегенмен, бұл жерде қақпашымыз Ненад Эричтің қателік жасап, допты қолынан шығарып алғанын да айта кетуіміз керек. Екінші голын шведтер матчтың аяқталуына шамамен 15 минут қалғанда соқты. Қорытынды есеп – 0:2, енді елордалықтар 6 ақпанда Қытайдың «Ляолинь» командасымен спаррингтік матч өткізеді

Жалпы, жанкүйерлерді «Астана» сапында шабуыл шебіне кімнің орналасатыны қызықтырды. Басты сұрмергені Жуниор Кабанангадан айрылған бас бапкер Станимир Стойлов алғы шепті бұл жолы Джордже Деспотовичке сеніп тапсыруды жөн көріпті. Алайда, көптен Кабананганың көлеңкесінен шыға алмай жүрген серб шабуылшысына конголықтың позициясына үйренісу қиындау болды. Өзін жайсыз сезініп жүргендей көрінді. Оның орнына шыққан Алексей Щеткин де Жуниордың орнын баса алмайтынын көрсетіп алды.

–       Иә, Жуниор Кабананга шабуыл шебінде ойын тізгінін өз қолына ала алатын. Өкінішке қарай, кетіп қалды. Енді оның орнын басатын шабуылшы жауапкершілікті мойнына алып, алаңда көп жүгіруі керек, - деді матчтан кейін клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берген Станимир Стойлов.

Сондай-ақ, бас бапкер команданың «Спортингке» әлі дайын емес екенін мойындап, португалиялықтарға қарсы кездесулерде футболшылар 100 емес, 200 пайызға күштерін салулары қажеттігін айтты.

Иә, біз де «Астана» 15 ақпанға дейін бабына келеді деп үміттенеміз. Қорғаныс шебіндегі бүгінгідей қателіктерге португалиялықтармен болатын текетіресте жол бермеу керек.

«Астана»- «Хеккен» 0:2 (0:1)

«Астана»: Эрич, Шитов (Бейсебеков), Шомко (Зайнутдинов), Аничич (Малый), Логвиненко (Постников), Маевский (Перцух), Граховац (Станоевич), Ласло (Мужиков), Томасов( Муртазаев), Твумаси (Джолчиев), Деспотович (Щеткин).

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика