26 жасар «қара бала» футболға Ганадағы MTN Soccer Academy теле-шоуының арқасында 2007 жылы келген. Ол кезде оның жасы 16-ға толып қойған еді. Шоуға елдің барлық аймағынан барлығы 32 мыңға жуық талант қатысып, Гидеон Баа жеңімпаз атанған. Бас жүлдеге қомақты қаржыдан бөлек, автокөлік, 2010 жылғы Әлем чемпионатының билеті және «Челси» футбол академиясына екі апталық сапардың сертификаты берілді. Сол кезде оны «ақсүйектер» сапында ойнайтын Майкл Эссьен бауырына басып, клубқа келісімшарт жасасуды ұсынады. Бірақ, «Челси» басшылары асыққан жоқ. Кейін қайта еліне оралып, Гананың жоғарғы чемпионатындағы «Какайр» командасымен келісімшарт жасасты.
Алдымен жастар командасында доп тепті. Тек 2009 жылдан бастап қана ересектер арасындағы додаға түсе бастады. 2013 жылға дейін Ганада доп тепкен Гидеон кейін Суоми еліне қоныс аударып, жергілікті «Хонка», «ХИК» командаларында ойнады. 2015 жылы финдар сапында елордамызға келіп, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында «Астанаға» қарсы негізгі құрамда алаңға шықты. Қақпамызға екінші голды соққан осы Гидеон Баа болатын. Бірақ, ойынның соңғы минутында Евгений Постниковтан көз жазып қалып, «астаналыққа» жеңіс гол соғуға мүмкіндік беріп қойған. 4:3 есебімен «Астананың» пайдасына шешілген сол ойынды әлі ешкім ұмытқан жоқ.
2016 жылы Финляндиядан АҚШ-тың «Нью-Йорк Ред Буллз» клубына ауысып, Мұхиттың арғы жағында екі маусым доп тепті. Енді міне, «Қайраттың» сапында қаралымда жүр. Финляндия чемпионы, Финляндия кубогының иегері, Гананың екі дүркін чемпионы деген атақтары бар.
2015 жылы бұл футболшыға Испанияның «Барселонасы» қызығып, жарты жылдай бақылап жүрді. Каталониялықтардан басқа да ТОП клубтардың қойын дәптерінде болды. «Әне-міне мықты командадан орын алады» деп жүргенде футболшы ақша үшін Америка асып кетті. Ол жақта Гидеонның ойыны жүрген жоқ. Екі жылда 9-ақ рет алаңға шығыпты.
Иә, Гидеон Баа тәжірибелі ойыншы. Негізгі міндеті – орталық қорғаушы. Егер «Қайратқа» келсе өткен жылдың соңында алматылықтармен қоштасқан Жарко Марковичтің орнын басуы әбден мүмкін.