Вернуться к списку статей

Қазақстанда футболды дамыту үшін жеңіл атлетиканы құрту керек пе?

Футбол
2K
Қазақстанда футболды дамыту үшін жеңіл атлетиканы құрту керек пе?
Қайрат Боранбаев Қазақстанда футболды дамытам деп жүріп, жеңіл атлетиканы өлтіріп алмай ма?

Кеше кешкісін «Қайрат» футбол клубының ресми сайты Алматыдағы Орталық стадионның қайта жөндеу жұмыстарынан кейінгі концепциялық жобасын ұсынды. Егер ескісі сылынып тасталып, орнына жаңа стадион салынар болса, көрермендердің сиымдылығы артқанымен алаң жиегіндегі жүгіру жолақтары болмайды екен. Сонда Қайрат Боранбаев мырзаның Қазақстанда футболдан бөлек, жеңіл атлетика сынды спорт түрі барының білмегені ме?


Жаңа стадион өзінің тарихи келбетін сақтап қалмақ

Алдымен айта кетейік, Алматы футболы, оның ішінде «Қайрат» футбол клубы Қайрат Боранбаевтың алдында қарыздар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой, оның оңтүстік астанамыздың аяқдобының дамуына қосқан үлесі расымен де орасан. «Қайратты» құрдымға кетіп бара жатқан жерінен құтқарып қалған да сол. Әйтпесе, алматылықтар әлі күнге дейін Бірінші лигада доп теуіп жатуы да мүмкін еді. Кейін «Қайраттың» балалар-жасөспірімдер академиясын салды. Асыра сілтегеніміз емес, мұндай академия посткеңестік елдердің айтпағанда Шығыс Еуропаның өзінде бірен-саран. Ал Орта Азияда «Қайраттың» академиясына жетерлік футбол орталығы атымен жоқ. Бүгін болмаса да, оның бұл еңбегі ерте ме, кеш пе, өз жемісін берері анық. Өткен жылы Елбасымыздың өзі қонақ болып, жоғары бағасын беріп кеткен. Сондықтан, Қайрат Боранбаевтың оның Алматы аяқдобына, барша қазақ футболына жасап жатқан жақсылығын жанкүйерлер ешқашан ұмытпайды. Дегенмен, Қазақстанда футболдан бөлек, халықаралық аренада талай медаль әперген, қазақ спортына Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, Дмитрий Карпов сынды саңлақтарды сыйлаған жеңіл атлетика спортының да бар екенін ұмытпауы қажет.


"Қайрат Арена" стадионының жалпы көрінісі осындай болмақ

Бұлай деуімізге Алматыдағы Орталық стадионның қайта жөндеу жұмыстарынан өткеннен кейінгі концепциялық жобасы түрткі болып отыр. Жоқ, өз басым, футбол жанкүйері ретінде стадионның жаңа көрінісін қатты ұнаттым. Рас айтам. Қайта жөндеу жұмыстарынан кейін «Қайрат Арена» деп аталатын жаңа комплексте мейрамхана, футбол музейі, спорттық дүкендер, тамақтану орталықтары, фан-сектор сынды жанға жайлының барлығы болады екен. Стадионның ішінде 360 градустық ЛЭД-экран көрермендерді ойынның қызықты сәттерімен қуантып отырса, аренаның төбесі жабық болып, жанкүйерлер жаңбырда да бар назарын алаңға салып отырады. Сондай-ақ, стадионның төрт жағынан да ішке кіре аласың. Абай, Байтұрсынов, Сәтпаев көшелері жағынан да, тіпті Есентай өзені жағынан да жаяу жүргішлілерге арналған аяқжол болмақ. Ең бастысы, 60 жылдық тарихы бар стадион өзінің байырғы тарихи сұлбасын жоғалтпайды екен. Кезінде Берлиндегі «Олимпиялық» стадионды, Киевтің «Олимпиялық» аренасын, Варшавадағы Ұлттық стадионды, «Краснодар Аренаны» салып, тіпті Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионына да қолтаңбасын қалдырған немістің  Gerkan, Marg und Partner компаниясы жасаған концепцияны жүзеге асыру үшін 3 жыл уақыт қажет екен. Яғни, жоба қазір қолға алынатын болса, 2021 жылы жаңарған «Қайрат Арена» стадионы Алматы халқына пайдалануға берілмек.

Бірақ, мұндай жағдайда Қазақстан спорты жеңіл атлетикасынан айрылып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, концепция бойынша қазір 23 804 көрермен сидыратын стадионның сиымдылығы қайта жөндеу жұмыстарынан кейін 30 мыңға артады. Ол үшін стадионның үстіне тағы конструкция қосып, астындағы трибунаны 10 метрге алға жылжыту қажет те, оны алаң жиегіне дейін тіреу керек. Бұл дегеніміз, жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолақтары мүлдем болмайды деген сөз емес пе? Сонда Спорт падишасының өкілдері қайда барады?


"Қайрат-Арена" кешенінде тек қосалқы алаңда ғана жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолақтары бар

Иә, Қазақстанда жеңіл атлетика сынды спорт түрі де бар. Және, футбол жанкүйері болсаңыз, мойындауыңыз қажет, желаяқтарымыздың футболшыларға қарағанда халықаралық жетістіктері жетерлік. КСРО құрамасының сапында 1960 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Ғұсман Қосанов, Сол жылдары КСРО-да алдына жан салмаған Әмин Тұяқов, Сеул Олимпиадасында қолаға қол жеткізген сырықшымыз Григорий Егоров сынды саңлақтарды айтпағанда Тәуелсіз Қазақстан тарихының Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова сынды мақтаныштары бар. Олимпиада ойындары, Әлем чемпионаты, Гауһар лига сынды дүниежүзілік додалардан үнемі жүлделі оралып жатамыз. Ал Азияда үздіктердің біріміз. Егер Орталық стадионды желаяқтарымыздан тартып алар болсақ, жеңіл атлетикамызбен қоштаса беруге тура келетін шығар. Өйткені, олардың Алматының Орталық стадионнан бара жері де жоқ. Қазақстанда басқа бірде-бір стадион жеңіл атлетикадан халықаралық деңгейдегі турнирлерді қабылдай алмайды. Сан жылдық тарихы бар, барша Азияның мықтылары жиналатын Ғұсман Қосанов мемориалын да ұмытуға тура келеді. Ендеше, спорттың бір түрін дамыту үшін екінші бір түрын «буындырып өлтіру» қажет пе? Жобаны іске асырмас бұрын осы жағын да ойластырған абзал болар.

Рас, Қайрат Советайұлын да түсінуге болады. Ол стадионның таза футболға арналғанын қалайды. Мұндай жағдайда маркетингтік тұрғыда ойынның қызықтылығы артып, фанаттар арасындағы атмосфера да қызады. Ойынға келетін көрермендер саны көбейіп, трансляциялардың да сапасы жақсарады. Бірақ, футболды дамытамыз деп жүріп, жеңіл атлетиканы өлтіріп алмаймыз ба?


Тым болмаса, Әзірбайжаннан үлгі алу алайық

Бұл тұрғыда Қайрат Боранбаев үшін ең абзалы – қала шетінен ешкімге кедергі жасамай жаңа стадион салу. Ең тиімдісі де сол. Өйткені, Орталық стадионда ұлттық құрамамыздың ойындары кезіндегі кептелісті айтпай-ақ қояйық, «Қайраттың» матчтары кезінде де стадион маңы көлікке толып қалып жатады. Жанкүйерлер «темір тұлпарына» тұрақ таппай, екі-үш шақырымға ұзап, көліктерін Құрманғазы, Шевченко, Масанчи, Желтоқсан көшелерінің бойына тастап кетуге мәжбүр болып жатады. Ал қала шетінде, жақсылап ойластырса, мұндай кептеліс болмас еді.

Әрине, Қайрат Боранбаев үшін ескі стадионның бетіне «опа-далап сүйкей» салған оңай, әрі арзан шығар. Бірақ, қазақ спортына шын жанашыр болса, барша жанкүйерлерді жаңа аренамен қуантуы тиіс. Әйтпесе, біздің Әзірбайжаннан қай жеріміз кем? Мағлұмат үшін айта кетейік, Бакуде қазір екі үлкен футбол аренасы бар. Ескісі 30 мың көрерменге арналған Тофик Бахрамов атындағы Республикалық стадион. 2015 жылға дейін әзірбайжандықтардың басты аренасы болған. Қаланың қақ ортасында тұр. Мұнда футболдан бөлек, жеңіл атлетикадан да жарыстар өтеді. Бірақ, 2011 жылы билік басшылары жаңа стадион қажет деп тауып, «Баку Олимпиялық» стадионның құрылысына кірісіп кетеді. Құрылысына төрт жыл уақыт кетті. Есесіне, қазір Еуропадағы төрт жұлдызды ең еңселі стадиондардың бірі. Әуежайдан түсе бере тас жолдың оң жағында менмұндалап көрініп тұр. 70 мыңға жуық көрермен сидырады. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының кейбір ойындары да осы стадионда өтетіні белгілі болды. Тек футболдан ғана емес, жеңіл атлетикадан да жарыстар өткізуге жағдай қарастырылған. Міне, арена салар болсақ, алысқа бармай-ақ Каспийдің ар жағындағы ағайындарымыздан үлгі алғанымыз дұрыс шығар. Әлде, жыртықты жамай беру сонау ашаршылықтан қалып қойып, қанымызға сіңіп кеткен ғадет пе? 


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика