Патрик Твумасидің қай клубқа ауысатынын талқылап, оның бағасын есептеп жүргенімізде «Астананың» негізгі ойыншыларынан бірінші болып Жуниор Кабананга кетіп қалды. Бұл туралы клубтың ресми сайты былай деп жазады.
«Қазіргі уақытта аталмыш трансфер бойынша шабуылшымен жеке еңбек шарттары толық шешіліп, екі клуб арасындағы трансферлік шарттарды бекіту ғана қалды.
Айта кетейік, «әл-Наср» – Сауд Арабиясының бес дүркін чемпионы, Азия кубоктары кубогының жеңімпазы, Азия Суперкубогының және Парсы шығанағындағы клубтық чемпиондар кубогын екі мәрте жеңіп алған.
Жуниор Кабананга «Астана» сапында жүріп, Конго ДР құрамасына шақырту алып, Африка Ұлттар Кубогы – 2017 турнирінің үздік сұрмергені атанған болатын. Ол елордалық команда сапында 95 ойын өткізіп, 38 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген. Жуниор оның ішінде еурокубок бәсекелерінде 6 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген.
«Астана» өз кезегінде Жуниорға Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан Кубогында және еурокубоктердегі нәтижелеріне қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтып, алдағы еңбек жолына сәттілік тілейді!».
28 жасар конголық сұрмергеннің трансфері туралы эр-риядтық клуб та хабарлады. Кабананга мен «әл-Наср» арасындағы келісімшарт 2,5 жылға жасалыпты. Жуниор жаңа клубының сапындағы алғашқы ойынын Сауд Арабиясы чемпионатының келесі турында, яғни 3 ақпанда өткізе алады.
«Астанаға» дейін Кабананга Бельгияның «Серкль Брюгге», «Руселаре», «Беерсхот» сынды клубтарында доп тепкен.