Вернуться к списку статей

Биыл Гранаткин мемориалы болмай ма?

Футбол
1K
Биыл Гранаткин мемориалы болмай ма?
Әлем чемпионатының әуресімен әбігерге түскен Ресей футбол одағы басқа турнирлерін ұмытқандай. 2016 жылы Достастық кубогы ғұмырын тоқтатқан еді, енді міне Гранаткин мемориалының да тағдыры қыл үстінде.

Жылда қаңтар айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласына әр елден дарынды жастар жиналып, Гранаткин мемориалының бас жүлдесін сарапқа салатын. Соңғы кездері Қазақстан жасөспірімдері де осы турнирдің тұрақты қонағы болып, қысқы оқу-жаттығу жиынын Петерборда өткізетін. Тіпті, былтыр Александр Кузнецов жаттықтыратын жасөспірімдеріміз финалға дейін жетіп, тек Ресейден ғана 0:1 есебімен жеңілген. Ал Достастық кубогы тоқтап қалғаннан кейін біздің де аңдитынымыз осы турнир болған еді.

– Достастық кубогы көпшіліктің қызығушылығын жоғалтты. Бұрынғыдай тартымды емес. Бұрын турнирге ФИФА мен УЕФА басшылары келіп, кездесулер ұйымдастыратын еді. Қазір ондай да жоқ. Сондықтан, Достастық кубогы бұдан былай болмайды. Енді Гранаткин мемориалына көңіл бөлеміз, - деген еді 2016 жылы Ресей футбол одағының бірінші вице-президенті Никита Симонян. 

Алайда, бәрі сөз жүзінде ғана қалған сияқты. Гранаткин мемориалының өтпейтіні туралы алғаш өткен жылы маусым айында айтыла бастаған. Журналистерге сұхбат берген Ресей футбол одағының сол кездегі президенті Виталий Мутко турнирдің Сочиге ауыстырылатыны туралы және оның тамыз немесе қыркүйек айына жоспарланып отырғанын мәлімдеген.

– Қыста турнир өткізген қызық емес. Өйткені, клубтар өздерінің негізгі ойыншыларын жібермей қояды да, командалар екінші немесе үшінші құраммен келуге мәжбүр болады. Сондықтан, ашық аспан астында тамыз немесе қыркүйек айларында өткізген дұрыс болар, - деген сол кезде Мутко.

Бірақ, әзірге турнирден нақты хабар жоқ. Сонау 1981 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Гранаткин мемориалы сол күйі өтпей қалуы да ғажап емес. Өйткені, Ресей футбол одағы дәл қазір барлық мәселені шетке ысырып, әлем чемпионатының әуресімен әбігер болып жүрген секілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 29 рет өткен Гранаткин мемориалының келесісі 30-шы, яғни мерейтойлы дода болмақ. Қазақтың талантты футболшысы Еркебұлан Сейдахмет былтыр осы турнир арқылы жанкүйерлерге кеңінен танылып, «Зениттің» қызығушылығын тудырған еді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика