Вернуться к списку статей

Қазақстан ұлттық құрамасына керегі Кахабер Цхадазе сияқты маман ба?

Футбол
1K
Қазақстан ұлттық құрамасына керегі Кахабер Цхадазе сияқты маман ба?
Жанкүйерлер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін грузиялық маман Кахабер Цхададзе ұстауы мүмкін деген сыбыс тарады. Желдің қай жақтан соғып жатқанын болжамай-ақ қояйық, бірақ мұндай бапкердің бізге қажеті бар ма?

Ресей маманы Александр Бородюк қызметінен кеткеннен кейін Қазақстан ұлттық құрамасы әлі бас бапкерін тапқан жоқ. ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин бұл мәселе наурыз айына дейін шешілетінін айтты. Сол-ақ екен, отандық спорт сайттарының бірі бас бапкерлікке грузиялық Кахабер Цхададзені ұсынып үлгерді. Дегенмен, Цхададзені таңдау – ел футболындағы кезекті бір үлкен қателік болар еді. Неге дейсіз бе? Ендеше «Қайратты» қарық қылмаған аталмыш маманның соңғы кездегі «жетістіктеріне» көз жүгіртіп көрелік.

Айтпақшы, әлгі сайттың келтіріп отырған басты аргументі мынау: Осы жылдың күзінде өтетін Ұлттар лигасындағы басты бәсекелесіміз – Грузия. Ал Кахабер Цхададзе сол елдің азаматы, ұлттық құрамасының қыр-сырын бес саусағындай біледі. Оның үстіне, 2015 жылы өзі де Грузия ұлттық құрамасының бас бапкері болған. Яғни, Грузияға грузинмен жорыққа шықсақ, бәсекелестеріміздің барлығын жеңіп кетеді екенбіз.

Бірақ, бізге Цхададзе көмектеседі дегенге сену қиын. Иә, Кахабердің 2015 жылы Грузия ұлттық құрамасын жаттықтырғаны рас. Алайда, ұлттық құраманың тізгінін бір-ақ жыл ұстап, абыроймен кеткен жоқ. Бұл туралы 2016 жылы қаңтарда azerfootball.com сайты тақырыбын «Кахабер Цхададзені Грузия құрамасынан масқара етіп қуып шықты» деп айқайлатып, былай деп жазды:

«Грузия футбол федерациясына (ГФФ) «ұлы бапкер» Кахабер Цхададзені әшкере қылу үшін бір жыл уақыт қажет болды. Бүгін ГФФ президенті Леван Кобиашвили «Интердің» (Әзірбайжан – авт) экс-жаттықтырушысымен келісімшарттың үзілгенін мәлімдеп, өзінің ежелгі досының әрекеттерін провакацияға балады. Кобиашвилидің түсіндіруінше жаңа келісім бойынша Цхададзе жалақсының 50 пайызын командасының нәтижесіне байланысты бонус ретінде алуы тиіс болған екен. Мұндай қадамға Федерация басшылығы қаржылық жағдайға байланысты баруға мәжбүр болған. Өйткені, Кобиашвили айтуынша, өткен жылдың наурыз айында (2015 жылы – авт) Цхададзе Федерациядан 100 000 доллар көлемінде қарыз алған көрінеді. Сондықтан, ГФФ қарызын осылайша өтеуді ұсынған».

Бірақ, мұндай ұсыныстан кейін Цхададзе сол күйі хабарсыз кетіпті. Оның орнына Грузия футбол федерациясы қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс Владимир Вайссты шақырды. Ал Кахабер Грузияны жаттықтырған бір жыл ішінде бас команданы 10 матчта алаңға бастап шығыпты. Соның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсіп, алты ойында жеңілістің кермек дәмін татқан. Онда да үш жеңісінің екеуінде Гибралтар және Мальтамен кездескен.

Грузиядан кейін жұмыс іздеп Алматыға келген Кахабер Цхададзе «Қайратты» да қарық қылмаған. Екі жыл жаттықтырып, «Астананың» алдын сол күйі орай алмады. Рас, бір рет алматылықтарға Қазақстан Суперкубогын әперді. Бірақ, бұл ойынды көпшілік жанкүйер тек маусымашар матч деп қана қабылдайды. Ал Еуропа лигасында «Қайрат» 2016 жылы екінші іріктеу кезеңінде Тель-Авивтің «Маккабиінен» ұтылды. Иә-иә, «Астананың» алдында екі матчта да тізе бүккен «Маккабидің» алдында дәрменсіздік танытқан. Ал былтыр дәл осы кезеңде Албанияның «Скендербеуі» сан соқтырды. Шынын айтқанда, «Қайратты» баптаған Кахабер бапкер алаңнан шыққан шыққан шәкірттерін беттерінен сүйіп шығарып салумен ғана есімізде қалған сияқты.

Әлбетте, Қазақстан ұлттық құрамасына қандай бапкердің қажет екендігін Федерация басшылығы өздері шеше жатар. Қателеспейді деп үміттенеміз. Дегенмен, үміткерлердің арасында Кахабер Цхададзенің де есімі бар болса, таңдау жасамас бұрын мың рет ойланса екен дейміз.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика