Вернуться к списку статей

Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ – Ұлттар лигасы арқылы Қазақстан құрамасының деңгейін тексеріп көруге болады

Футбол
1K
Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ – Ұлттар лигасы арқылы Қазақстан құрамасының деңгейін тексеріп көруге болады
Кеше Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімі өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасының қай топқа, қай командалармен түскені белгілі болды. Осы орайда, жеребенің қорытындысы жайлы және UEFA қолға алған жаңа жобаның қазақ футболы пайдасы жөнінде Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Қайрат Нұрдәулетовтің пікірін білген едік.

– Қайрат Жұмабекұлы, Ұлттар лигасының жеребесі Қазақстан құрамасы үшін қаншалықты қолайлы болды? Мұндай топтан бірінші орынмен келесі кезеңге шыға аламыз ба?

– Жеребе көңілімнен шықты. Барлық командалармен ойнауға болады. Бәрімен де кезінде ойнағанбыз. Жақсы таныс командалар. Әлбетте, кейбір жанкүйерлер Лихтенштейн, Гибралтар сынды құрамаларды қалаған шығар. Бірақ, бұған дейін Польша, Дания, Румыния сияқты азулы ұжымдармен де бір топта болғанбыз. Кезінде Голландия, Исландия, Чехия, Түркиямен де бір іріктеу кезеңінде ойнағанбыз. Сондықтан, кешегі жеребеге ренжуге болмайды. Алдымызға нақты мақсаттар қоюға мүмкіндік беретін жеребе болды.

– Топ фавориті қай команда? Қай қарсыласқа қарсы бізді өте ауыр ойын күтеді?

– Анау қарсылас оңай, мына қарсылас қиын дегеніміз дұрыс емес шығар. Бәріне де бірдей дайындалуымыз қажет. Бәрі де ұтуға болатын командалар. Дегенмен, менсінбеуге де болмайды. Қай команда болмасын, бір-бірінен ұпай алып қоя алатын шамада. Рас, осылардың ішінде Грузия футболшыларының көбі шетел чемпионаттарында доп теуіп жүр. Өзгелерге қарағанда шоқтығы биіктеу. Алайда, біздің құрама да оларды жеңе алатын деңгейде.

– Кезінде Андорраға да, Латвияға да қарсы ойнағансыз. Содан бері бұл командалардың ойындары қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз?

– Шынын айтсам, сол құрамалардың ойындарын жіті бақылап жүрмеппін. Бірақ, ешкімнің де бір орында тұрмағаны белгілі ғой. Андорра да өз қателіктерінен сабақ алды. Латвия да содан бері біршама тәжірибе жинады. Ойындарының өзгергені рас. Қазіргі әлеуеттерімен турнир қарсаңында толығырақ танысып шығуға уақыт бар.

– Ұлттар лигасы арқылы «Еуро-2020» финалдық додасының жолдамасын жеңіп алу мүмкіндігіміз қаншалықты?

– Дәл қазіргі мақсат – осы топтан бірінші орын алу. Алдымен осы квартет жайлы бас қатырайық. Содан кейін алдымызға басқа да мақсаттар қоюға болады.

– Еуропаның еңселі құрамалары бұл жобаны жолдастық кездесулердің құралы ретінде қарастырып отыр. Сіздің ше, Қазақстан құрамасына Ұлттар лигасын спорттық мақсаты бар турнир деп қарастырған дұрыс па, әлде жолдастық ойындар санатына қосу қажет пе?

– Ұлттар лигасын жолдастық ойындар ретінде қарастыратындай біз әлі Испания, Германия, Англия сияқты алпауыт құрамалардың деңгейіне жеткен жоқпыз. Алдымызға айқын мақсат қойып, бұл жобаны «Еуро-2020» финалдық додасына қатысуға мүмкіндік беретін турнир деп қарастыру қажет. Рас, бұдан бөлек, Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне де қатысып, мықты командаларға қарсы алаңға шығамыз ғой. Бірақ Ұлттар лигасында біз деңгейі өзімізбен шамалас құрамалармен кездесіп, қазіргі әлеуетімізді, футболымыздың қаншалықты дамып келе жатқанын тексере аламыз.

– Жалпы, Андорра, Латвия, Грузия сынды құрамаларға қарсы ойындармен стадионға көрермендер жинай ала ма?

– Бізде ұлттық құрама біреу-ақ және оған қандай жағдайда болмасын жанкүйер болуымыз қажет. Мейлі, немістерге қарсы ойнайық, мейлі Андорра, Грузия немесе Латвиямен кездесейік, қарсыластың деңгейіне қарамай, әрдайым стадионды лық толтыратын болсақ, онда бұдан футболшылар да үлкен рух алады. Мен де ұлттық құрамада ойнағанмын. Команда үшін жанкүйерлердің қолдауы қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Егер стадион толы болса, онда футболшылар да қосымша қуат алып, көрермендерді қуантуға бар күшін салады. Өз басым, Ұлттар лигасының ойындарында да стадион трибуналары жанкүйерлерге толы болады деген сенімдемін. Өйткені, бәріміз де жеңісті көргіміз келеді.

– Ұлттар лигасының ойындары күзде өтеді. Оған дейін ұлттық құрамамызға қанша жолдастық кездесу өткізген дұрыс деп ойлайсыз?

– Жаттықтырушы ретінде жолдастық кездесулердің көп болғанын қалаймыз ғой. Жолдастық кездесулердің саны неғұрлым көп болса, соғұрлым тәжірибеңді арттырасың. Бірақ, мұның барлығын ұлттық құраманың жаңа бас бапкері шешеді. Менің құзырымдағы нәрсе емес. Жаңа бас бапкердің дайындық жоспарына байланысты ғой.

– Ендеше, соңғы сұрақ өзіңізге қатысты. Ұлттық құрамаға жаңа бас бапкер келген жағдайда команданың жаттықтырушылар алқасында қалуға дайынсыз ба?

– Ұлттық құрама үшін әрдайым бәріне де дайынмын. Жас бапкер ретінде Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болу мен үшін үлкен мектеп, жақсы тәжірибе болды. Әлбетте, әрі қарай да осы қызметте қалғым келеді. Ұлттық құрамамызбен бірге өзім де шыңдала түссем деймін. Дегенмен, бәрі жаңа бас бапкерге байланысты. Егер ол «керек емес, өзімнің көмекшілерім бар» десе, оған да мойынсұнамыз. Өз басым, аға жаттықтырушы ретінде пайдамды тигізе бергім келеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика