Бұл ақпаратты бүгін «Қайрат» футбол клубының ресми сайты таратты. Алғашқы жиын Алматыда өтіп, 18 қаңтарға дейін созылады екен. Бекітілген жоспар бойынша, команда өз ішінде екі жолдастық кездесу өткізуді қарастырып отырған көрінеді.
Ал қаңтардың аяғына қарай Түркияға барып, оқу-жаттығу жиынын өткізетін болыпты. Алматыдағы алғашқы жиын футболшыларды спорттық баптарына келтіруге ықпал ету мақсатында өткізіледі екен. Қазір мұны көптеген командалар «тартылу жиыны» деп те жүр.
Өздеріңіз білесіздер, «Қайратты» алдағы маусымда Испания маманы Карлос Алос жаттықтырады. Оған өткен жылдың аяғындағыдай Аргентина маманы Нико Кьетино көмектеседі. Ол бұған дейін өз еліндегі «Сан-Мартин де Бурсако» клубында жаттықтырушы болған.