Вернуться к списку статей

«Ордабасы» клубына қажет емес Нұрғалиев «Тобылға» барды

Футбол
1K
Нұрғалиев пен Жулпа енді бірге ойнайды. Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» клубының бетке ұстар ойыншысы, капитаны Азат Нұрғалиев «Тобыл» клубымен бір жылға келісімшартқа отырды.

«Тобыл» футбол клубының ресми сайты Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Азат Нұрғалиевпен еңбек келісіміне қол қойылғанын жариялады. Жалпы, бұл – Азаттың Қостанайға екінші рет келуі. Шымкент футболының түлегі 2006-2010 жылдары «Тобылдың» намысын қорғаған.

Әрі Қазақстан футболындағы ерен жетістіктеріне осы «Тобылмен» бірге қол жеткізген. 2010 жылы ел чемпионы болып, 2007 және 2008 жылдары күміс жүлдегер атанған. Ал 2006 жылы қола жүлде иеленді. 2007 жылы Қазақстан кубогының иегері атанып, Интертото кубогында да топ жарған.

«Тобылдан» кейін «Ордабасымен» ел кубогының иегері атанып (2011 ж.), «Астанамен» Қазақстан чемпионы және кубок жеңімпазы болды (2016 ж.). Ал былтыр Шымкент клубымен қола жүлдеге қол жеткізді. Әрі ОҚО командасының белді ойыншысы бола білді. Енді қайтадан «Тобыл» құрамында доп тебетін болып отыр.

«Тобыл» бүгін өткен маусымдағы екі легионерімен еңбек келісімін ұзартқандығын да ресми түрде жариялады. Олар – қақпашы Дмитрий Непогодов пен әмбебап ойыншы Артурас Жулпа. Екеуінің де жаңа келісімшарттары бір жылға ұзартылған.

Непогодов былтыр «Тобылдың» тас қамал қақпашысына айналып, Қостанай клубы Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең аз гол жіберген команданың бірі болды («Астанадан» кейінгі екінші клуб). Ал Литва футболшысы қорғаушы қызметін де атқарды, қорғанысқа тірек болар шепте де ойнады.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика