Бұған дейін біздің сайтымызда «Бас бапкерлер – Болгария төрттігі мен төрт елдің Владимирі» деген мақала жарияланған болатын. Сондағы кестеге көз жүгіртер болсаңыз, 2018 жылғы футбол маусымында 12 команданың жетеуі бас жаттықтырушыларын алмастырғанын байқайсыз.
Ел чемпионы «Астана» мен вице-чемпион «Қайрат» қана бас бапкерлері Станимир Стойлов және Карлос Алос Феррермен келісімшартын ұзартқан. Бұлардан бөлек, былтырғы маусымды 5-ші орында аяқтаған «Қайсар» Стойчо Младеновты командада қалдырса, өткен жылғы чемпионатты 9-шы орынмен тәмамдаған «Ақтөбе» Владимир Мухановты алып қалып, бір жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралған Талдықорғанның «Жетісуы» команданы Бірінші лигада жеңіске жеткізген Дмитрий Огайға Премьер-лигада да мүмкіндік беруді жөн көріпті.
Қалғандарының барлығы өзгерісті бас бапкерден бастау керек деп шешсе керек. Бірақ, былтырғы жаттықтырушыларының несі ұнамады екен? Мәселен, осы уақытқа дейін ел чемпионатында жүлдеге ілігіп көрмеген «Ордабасы» тұңғыш рет Алексей Петрушиннің кезінде қолаға қол жеткізген жоқ па? Ал Вячеслав Грозный «Ертіс» басшыларының басты талабын орындап, павлодарлықтарға Еуропа линасының жолдамасын алып берген жоқ па? Қостанайдың «Тобылын» өткен жазда келген ресейлік маман Роберт Евдокимовті де көпшілік білікті бапкер десті. Расымен де, соңына дейін Еуропа лигасының жолдамасына таласқан еді. Алайда, соңғы турда ғана қостанайлықтардың алдын «Ертіс» орап кетті. Саулюс Ширмялис те «Шахтерді» жаман қылған жоқ. Турнир кестесінің түбіне кетіп бара жатқан қарағандылықтарды 6-шы орынға дейін апарды. Хорват Зоран Вулич пен ресейлік Сергей Павловтың қолдарынан келмеген нәрсені отандық маман Қуаныш Қабдулов жасаған. «Атырау» Ел кубогының финалына дейін жетіп, «Қайратқа» ғана жол берді. Ал «Ақжайық» бәсекелестерінің алымды болғанына қарамастан Вахид Масудовтың тәжірибелігінің арқасында Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. «Қызыл-Жарды» Бірінші лигадан Премьер-лигаға алып шыққан Владимир Фомичев ше? Жастармен жұмыс жасай білетін әккі маман петропавлдықтарды Премьер-лигадада да ойната алар еді ғой.
Жалпы, қарап тұрсаң аталған жаттықтырушылардың қай-қайсысына болмасын, осы маусымда да мүмкіндік беріп көруге болар еді. Бірақ, неге екені белгісіз, бізде басшылар бапкерлерге уақыт пен мүмкіндік бере бермейді. Шыдам жетіспейді. Сәл қателік бола қалса, орнына өзгесін іздей бастаймыз. Сондықтан шығар, маусым соңында келісімшарттарын ұзартатындары өте аз. Әйтпесе, жарты маусымда жаттықтырушылар неге үлгереді дейсіз? Қандай да бір жоба болмасын, оның орындалу уақыты орта есеппен үш жыл болатыны тәжірибеден белгілі. Ал біз нәтижені бірден талап етеміз.
Рас, өзгерісті уақыт создырмай қажет ететін кейбір жағдайлар болады. Мәселен, былтыр «Ақтөбедегі» Игорь Рахаев, пен «Шахтердегі» Алексей Еременконың шамасы жетпей жатқаны бірден көрінді. Мұндай жағдайда жаттықтырушыны бірден алмастыруға болады. Ал басшылықтың тапсырмасын орындап, клубты мақсатына жеткізіп жатса, онда оны алып тастау қаншалықты дұрыс?
Қош, сонымен, биыл маусымға жеті команда жаңа бапкермен кірісті. Чемпионат ортасында 12 маманның қаншасы қалар екен?