Бұл екі футболшыны қатар атауымыздың өз себебі бар. Бір кездері Көкеев пен Қонысбаев бір команданың намысын қорғап, біреуі оң қапталдан, екіншісі сол қапталдан ойқастап, Қарағандының «Шахтеріне» ел чемпиондығын әперген болатын. Бұл 2011 жыл еді. Қарағандылық жанкүйерлер бұл тамдемді әлі күнге ұмытқан жоқ. Үнемі айтып жүретіні рас. Расымен де, екеуі алаңда бір-бірін керемет түсінісетін. Диаоганальді пастарды бір-біріне көзді жұмып-ақ асыратын. Алаң сыртында да екеуі жақсы дос.
Қонысбаев сол жылы «Шахтер» сапына жазда қосылып, Премьер-лигада небәрі 11 ойын өткізгеніне қарамастан әр ойында оң қапталдан атойлап, қарсылас қорғаушыларының әбден естерін шығарған еді. Ал Жамбыл Көкеев сол жылы да, содан кейінгі екі маусымда да «Шахтердің» сол қапталын ешкімге берген жоқ.
Кейін жолдары екіге айрылды. 2015 жылдың екінші жартысында бастары Алматының «Қайратында» қосылғанымен алаңға бірге шыққан емес. Енді міне, 2011 жылғы «Шахтердегі» Қонысбаев – Көкеев тандемін биыл «Ақтөбеде» көруіміз әбден мүмкін.
Бірақ, қазір бабында ма? Көкеев «Қайратта» жүргенде-ақ доп тебуді кәсіпке емес, жәй ермекке айналдырған еді. Болмашы жерден жарақат алулары көбейді. Алаңға шығуы да сиреп кетті. Ақыры алматылықтарға керек болмай қалды. 2016 жылда доп теппеген Жамбыл былтырғы маусымды Қызылорданың «Қайсарында» өткізген. Алайда, сол күйі бабына келе алмаған сияқты. Әйтпесе, Стойчо Младенов оны алып қалуға тырысар еді ғой. Расымен де артық салмағы бар секілді көрінді.
Ал Ұлан 2016 жылдың маусымында ұлттық құрама сапында ауыр жарақат алды да, бір жарым жыл бойы футболдан тыс жүрді. Аяғына бір емес, бірнеше рет ота жасатуға тура келді. Бірақ, жігерлігі шығар, ақыры алаңға қайта оралуға бел буып отыр. Осы аралықта Қонысбаевты мүлдем доп теппеді деуге болмайды. «Астананың» жаттығуларына да қатысты, өзі де тұрақты түрде жаттығу жүргізіп, спорттық бабын сақтауға тырысты.
Дегенмен, бұл енді екеуінің де соңғы мүмкіндіктері. Бар күштерін футболға салулары қажет. Әлі де жас қой, 30-ға да толған жоқ. Бұйыртса, алда әлі 10 жылдай футбол ойнауға шамалары жетеді. Тек ертерек бабтарына келсе екен дейміз. Әйтпесе, Владимир Муханов төзімді болғанымен, «Ақтөбе» жанкүйерлерін жақсы білеміз. Олар – шыдамсыз. Қателікті кешірмейді, толық бабыңа келуіңді де күтпейді. Бірден нәтиже болуын талап етеді. 2010 жылдары ел футболының ең талантты футболшылары болған бұл тандемге жаңа маусымда біз де сәттілік тілейміз!