Вернуться к списку статей

Жерар Гоуды жаратпаған "Қайрат" Павел Погребнякпен күшеймек пе?

Футбол
1K
Жерар Гоуды жаратпаған
Отандық БАҚ та, ресейлік баспасөз де кешелі бері Павел Погребняктың «Қайрат» футбол клубына ауысатыны туралы жарыса жазып жатыр. Биыл Ресей Премьер-лигасында бір-ақ ойын өткізген шабуылшы алматылықтарға қажет пе? Жерар Гоуды алмастыра ала ма? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Погребняктың жасы 34-те. Бірақ оның карьерасындағы ең сәтті кезеңдердің барлығы артта қалды-ау. «Спартактың» түлегі мәскеуліктер сапында емес, Санкт-Петербургтің «Зенитінде» жақсы ойнады. 2007 жылы Дик Адвокат баптаған «Зенитпен» келісімшартқа отырған ол екі маусымда 22 гол соғып, командасының басты шабуылшысы болды. Алайда, 2008 жылдың мамыр айында жарақат алып қалды да, Ресей құрамасы үшін ең сәтті болған Еуропа чемпионатына қатыса алған жоқ. Ал 2009 жылы Германияның «Штутгартына» 4,5 миллион евроға ауысты.

Германияда үш маусым өткізіп, 68 ойында 15 гол соққан. Дегенмен, мұндай көрсеткішке клуб басшыларының көңілі толмады да, келісімшартының аяқталуына жарты жыл қалғанда немістер оны Англияның «Фулхэміне» жалға берді. «Тұманды альбиондағы» нәтижесі жаман болмады. Алты айда 12 ойын өткізіп, 6 гол соқты. Одан кейін Англияның басқа клубы «Редингпен» төрт жылға келісімшартқа отырды. Бастапқыда көрсеткіші жаман болған жоқ. Тіпті, «Челси» қақпасына гол соқты. Алайда, кейін көрсеткіштері төмендей бастады. Ақыры «Рединг» басшыларының шыдамдары таусылып, Погребнякты Ресейдің «Динамосына» сатып жіберді. Содан бері 2,5 жылдай болды, Павел мәскеуліктердің намысын қорғап жүр. Бірақ, 25 кездесуге қатысып, бір-ақ рет гол соққан. Ал биылғы маусымда «Динамоның» бас бапкері оны бір-ақ рет алаңға шығарды. Онда да 66-шы минутта ойынға қосқан. Погребняк бірден өзінің есімін хаттамаға жаза алды. Өкінішіне қарай, сары қағаз алған ойыншы ретінде ғана. Соңғы рет өткен жылы қарашаның 17-сінде гол соққан екен. Алайда, ол жастар командалары арасындағы матч еді. Ал негізгі құрамдар арасындағы ойында бұл шабуылшы 2015 жылдың қазан айынан бері әлі гол соққан жоқ.


Енді осы футболшы Алматының «Қайратына» келеді деп жатыр. Погребняктың өзі әзірге трансфер жайлы сұраққа жауап бергісі келмегенімен «Қайратқа» келуге кетәрі емес секілді. Ал соңғы кездері голдың не екенін ұмытып қалған бұл шабуылшы Қазақстан чемпионатында көсіліп кете ала ма? Әй, қайдам...

Рас, әлі жас. Андрей Аршавин да «Қайратқа» 34 жасында қосылған болатын. Қазір ол Карлос Алос Феррер командасын алға сүйреп жүр. Біздің елге 36 жасында келген украиналық Анатолий Тимощук те жақсы ойнаған болатын. Бірақ, өз басым, бұл трансферге сенбеймін. Өйткені, «Қайрат» жалақысын көтере алмағандықтан өздерінің басты сұрмергені Жерар Гоумен қоштасуға мәжбүр болған. Ал Павел Погребняк одан аз сұрамасы белгілі. Оның үстіне, Гоу мен Погребняктың қазіргі деңгейлері жер мен көктей. Ресейлік біздің футболға бірден бейімделіп кетеді деп ешкім кепіл бола алмайды. Қазақ футболына үйреніскенінше күтіп отыра беретіндей «Қайратта» да уақыт жоқ. Ал маркетингті жоба ретінде пайдаланатындай Павел Погребняк футбол әлемінде соншалықты танымал да емес.

Сондықтан, «Динамода» «айлап-жылдап» алаңға бір шығатын шабуылшымен келісімшартқа отыратындай алматылық команданың басшылары ақымақ емес деп ойлаймыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика