Вернуться к списку статей

Әділбек Жақсыбеков «Астана» футбол клубын сынға алды

Футбол
2K
Әділбек Жақсыбеков «Астана» футбол клубын сынға алды
Астанада өтіп жатқан Қазақстан футбол федерациясының Кезекті ХVII конференциясында ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков «Астана» футбол клубының басшылығын сынға алды.

Конференция барысында жоспар бойынша сөз кезегі «Рубин» академиясының директоры Иван Дяниелянцқа беріліп, ресейлік маман клубтың инфрақұрылымы мен жүйесі және структурасы жайлы түсіндіріп берді. Ал оның баяндамасынан кейін Әділбек Жақсыбеков «Астана» футбол клубына да осы жағына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты.

– Бұл жерде «Астана» футбол клубының басшылары бар ма екен?, – деп елордалық клубтың бас менеджері Саян Хамитжановқа қарай назарын аударған ҚФФ президенті клуб жүйесінің дұрыс жолға қойылмағандығын сынап өтті. – Иә, «Астана» еурокубоктарда сәтті ойнап, ел футболының намысын Еуропада абыроймен қорғап жүр. Дегенмен, соншалықты қаржыға ие бола тұра клубтың жастармен жұмыс жасау және инфрақұрылым жағы дұрыс жолға қойылмаған. Өзінің алаңдары, жаттығу базасы жоқ. Академиясы да солай. Иә, футбол орталығы бар. Бірақ, олар тек әуесқой футболшыларды ғана дайындаумен айналысып жүр. Ал кәсіпқой деңгейге жетіп жатқандары өте сирек. Сондықтан, болашаққа да жұмыс жасау керек.

Бұдан кейін ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің жаңа мүшелерін таныстырып өтті. Олардың арасында ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев,Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Михаил Чирков, «Астана» және «Қайрат» футбол клубтарының басшылары Саян Хамитжанов пен Қайрат Боранбаев, «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков және «БИІК-Қазығұрт» футбол клубының президенті Бауыржан Әбдубайытов бар. Атқару комитеті мүшелерінің толық тізіміне кейінірек тоқталамыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика