Алдымен, әлқиссадан бастайық. Жақында «Атыраудың» бас бапкері ауысты. Алғашқы төрт турдағы нәтижеге көңілі толмаған клуб басшылығы Вахид Масудовты қызметінен алып тастап, орнына молдовалық маман Андриан Сосновскийді тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, Премьер-лиганың алғашқы төрт турында да жеңілістің кермек дәмін татқан «Атырау» турнир кестесінде 0 ұпаймен соңғы орында тұрған. Гол айырмашылығы – 3:8. Осыдан кейін клуб басшылығы бас бапкері Вахид Масудовты қызметінен босату туралы шешім қабылдаған болатын. Дегенмен, «Атыраудың» алғашқы төрт турдағы қарсыластары да оңай емес еді. «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл» командаларымен түзде ойнады. Өз алаңында былтырғы қола жүлдегер «Ордабасыны» қабылдады. Онда да шымкенттіктер матчтағы жалғыз голды пенальтиден соқты. Бір сөзбен айтқанда, ойындар кестесі қиын болды. Бірақ, мұны басшылық түсінгісі келген жоқ. Бар кінәні бас бапкерге артып, Вахид Масудовты қызметінен босатты. Оның орнына молдовалық маман Андриан Сосновскийді тағайындады.
«Ойыншы ретінде Сосновски Молдованың «Зимбру», Ресейдің «Спартак» және Украинаның «Динамо» командаларында ойнады. Қазақстан да ол үшін жаңа ел емес. 2005 жылы Алматының «Қайратында» доп тепті. Сондай-ақ, Молдова ұлттық құрамасының намысын қорғады.
Қорғаныс шебінде ойнаған Сосновскидің соңғы клубы Оргеевтің «Милсами» клубы болып, футболшы ретіндегі карьерасын 34 жасында аяқтады. Бас бапкер ретіндегі қызметін де осы клубта бастаған. 2016 жылы Молдованың үздік жаттықтырушысы атанған. Ал 2017 жылы жас маман Молдова чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.
«Атырауда» оған 66 жастағы Дубровин Сергей Всеволодович көмектеседі. Ол кезінде Молдова ұлттық құрамасында да қызмет етіп, Сосновскимен бірге «Милсамиді» жаттықтырған, - деп таныстырды жаңа жаттықтырушысын «Атырау» футбол клубының ресми сайты.
«Атырауға» серпін керек болған да шығар. Бірақ, Сосновский «мұнайшыларды» өрге сүйрей ала ма? Молдовадағы жетістіктерін тізіп шығыпты. Қашаннан бері бұл елдің чемпионаты біз үшін көрсеткіш болып қалған? Дәл осы Сосновскийдің былтырғы Қуаныш Қабдуловтан қай жері артық? Расымен де, неге Қуаныш Кенжалыұлына тағы бір мүмкіндік беріп көрмеді? Былтыр бұл бапкердің жетекшілігімен «Атырау» ел чемпионатын тәп-тәуір аяқтап шықты ғой. Ұмытып қалсаңыздар, естеріңізге салайық, Қуаныш Кенжалыұлының жетекшілігімен былтыр «мұнайшылар» соңғы бес ойынды өткізіп, соның үшеуінде жеңіске жеткен. Тек «Қайсар» мен «Тобылдан» ғана ұтылған. Өкінішке қарай, біз өзіміздің мамандарға сенгіміз келмейді.
Ал Андриан Сосновский алғашқы матчында тең түсті. Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, голсыз қайтты. Ары қарай қалай болар екен? Келесі турда Петропавлға қонаққа барып, «Қызыл-Жармен» кездеседі.
«Атырау» – «Шахтёр» (Қарағанды) 0:0
Ескертулер: Тарасов 22, Пикалкин 35.
«Атырау»: Пасеченко, Бабатунде, Аблитаров, Барбарич (Живкович 46), Максимович, Нейн, Сергиенко (Әбдірахманов 62), Сикимич (Зенькович 73), Қалмұратов, Хайруллин (к), Чичулин.
Резерв: Логиновский, Алиев, Жанысбаев, Қайраллиев, Нұрыбеков, Аслан.
«Шахтёр»: Шацкий, Мужек, Мигунов (Мангуткин 84), Володько, Кояшевич, Суботич, Стоянович (Шафф 74), Тарасов (к), Құлбеков, Пикалкин (Габышев 46), Шахметов.
Резерв: Дүйсен, Пасичник, Наджарян, Жақыпбаев, Өміртаев.
Төрешілер: Александр Гаузер (Петропавл), Ринат Якбаров (Семей), Серік Жаппасбаев (Қызылорда).
Атырау қаласы, "Томарлы" стадионы. 1200 көрермен.