2016 және 2017 жылдары тамырында венгр қаны соққан Юлиус Сзоке Қарағандыда жергілікті «Шахтер» клубының намысын қорғады. 22 жастағы еңбекқор, талапты жігіт өзінің көпшілік көзайымына айналды. Кеншілер клубы сапында 55 ойын өткізіп, бес гол соқты.
Өкінішке қарай, осы дарынды жігіт Беларусь еліндегі «Шахтер» (Солигорск) клубына ауысып кетті. Бұл команда Сзокемен 2 (екі) жылға келісімшартқа отырғандарын ресми түрде қуана жариялады. Словакияның жастар құрамасы сапында ойнаған жас жігітке үлкен сенім артып отыр.
Ал басшылары мен бапкерлері жиі ауысып, қым-қуыт тірлікпен әркім өз басын ойлап жүрген кеншілер клубы осындай әлеуеті зор футболшыдан айырылып қалды. Әрі оған қынжылып отырған ешкім де жоқ сияқты. Өйткені маусым аралығында тағы да бастан-аяқ ауыс-түйіс жүзеге асырылып жатыр...
Биылғы маусым аралығында Қазақстан премьер-лигасынан деңгейі жоғары ойыншылардың кетіп жатқаны қынжылтады. Бәлкім, бұл уақытша жағдай болар. Десек те, Еркебұлан Сейідахмет, Жерар Гоу, Юлиус Сзоке және т.б. футболшылар енді қазақ додасының көрігін қыздырмайды...