Вернуться к списку статей

2017 жылдың ТОП-5 жаңа есімі

Футбол
1K
Қазақ футболының ТОП-5 жаңа есімі
2017 жыл қазақ футболына біраз жаңа есімдер сыйлады. Олардың кейбірі үлкен футболға енді аяқ басқан жас дарындар болса, кейбірі жанкүйерлерге кеш танылған футболшылар. Жаңа жылдың бірінші күнінде өткен маусымның ТОП-5 жаңа есімін таныстырып өткенді жөн көріп отырмыз.

5-орын. Самат Жарынбетов («Тобыл») – 23 жас, жартылай қорғаушы

Бұған дейін ешқашан Премьер-лигада доп теппеген Самат Жарынбетов өзінің туған командасы «Екібастұздан» ары аспаған екен. Тек Бірінші лигада ойнаған. Алайда, Самат тағдырдың сыйын барынша пайдалана алды. Әуелі оқу-жаттығу жиынында өзін жақсы жағынан көрсетіп, кейін чемпионатта «Тобылдың» негізгі ойыншыларының бірі болды. Өзі қорғанысқа тірек болар шепте ойнайды. Үйленіп, өз алдына бас болған. Бір қыз өсіріп отыр.


4-орын. Магомед Парагульгов («Қайрат») – 23 жас, жартылай қорғаушы

Магомед Парагульгов футболды сонау Бельгияда бастаған. Қазақстанға 12 жасында көшіп келді. 2012 жылдан бастап «Қайраттың» құрылымында жаттығып жүр. 2015 жылы екі айдай Семейдің «Спартагында» ойнады. Бірақ кейін ешкімге керегі болмай қалып, 2016 жылы Астана қаласының әуесқой біріншілігінде доп теуіп жүрді. 2017 жылы «Қайрат» оны қайтарып алғанымен әуелі тек Бірінші лигада ғана алаңға шықты. Оның бағын ашқан Карлос Алос Феррер. Испан маманы бірден Парагульговке сенім артты. Мага бапкерлер алқасының үмітін ақтады. Сегіз ойынға қатысып, бір гол соқты. Ал маусым соңында ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюктен шақырту алды.


3-орын. Юрий Перцух («Ақжайық») – 21 жас, қорғаушы

Юрий Перцух үшін бұл Премьер-лигадағы бірінші маусым болатын. «Ақжайыққа» дейін тек Бірінші лигада доп тепкен. Алматының ЦСКА, Астананың «Бәйтерек» және Петропавлдың «Қызыл-Жар» командаларында ойнаған. Алайда, Перцух Премьер-лигаға бірден сіңісіп кете қойған жоқ. Алғашқы алты матчта оралдықтардың бас бапкері Вахид Масудов оған аса сеніңкіремеді. Тек содан кейін ғана Юрий негізгі құрамдағы орнын жаулап алды. Соңғы турларда Вахид Юнузович оны тіпті, алмастырған да жоқ. Екі ойында «Ақжайықтың» жеңіс голын соқты. Ақыр соңында «Астана» басшыларының көзі түсіп, Перцух елордаға ауысты. Келесі маусымда бұл футболшы туралы биылғыдан да көбірек еститін шығармыз.


2-орын. Бақтияр Зайнутдинов («Тараз») – 19 жас, жартылай қорғаушы

«Тараз» футболы ешқашан таланттарға кенде болмаған ғой. Бақтияр жартылай қорғаныстың орта шебінде де, оң қапталында да ойнай біледі. Осы маусымға дейін тек қосалқы командалар арасындағы турнирлерде ғана ойнағанымен өзінің Премьер-лигадағы бірінші маусымында Зайнутдинов 27 матчта алаңға шықты, 7 гол соқты. Қазақстан жастар құрамасының негізгі ойыншысы болып, ең соңында Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту ады. Ал маусым аяқталысымен «Астанаға» ауысты.


1-орын. Еркебұлан Сейдахмет («Тараз») – 17 жас, шабуылшы

Бақтияр Зайнутдинов пен Еркебұлан Сейдахметтің қайсысын рейтингіміздің көшбасына қоярымызды анықтай алмай, ұзақ ойландық. Әлбетте, шешуші сәттерде «Таразды» сүйреген –  Зайнутдинов. Дегенмен, ерте танылғаны, жанкүйерлер арасында көп айтылатыны – Еркебұлан Сейдахмет. Оны тіпті, Лионель Мессимен де салыстырып жүрміз. Гранаткин мемориалында-ақ көпшіліктің көзайымына айналған Еркебұланға Петербордың «Зениті» де қызықты. Қазақстанда қай команда болмасын, бұл футболшыны өз қатарында көргісі келеді. Алдағы бір-екі маусымда баланы Қазақстан ұлттық құрамасынан көріп қалуымыз да ғажап емес.


Әлбетте, Александр Марочкин, Тимур Жақыпов, Дәурен Қайраллиев, Марсель Исламқұлов, Думан Нәрзілдаев, Айбол Жақаев сынды жаңа есімдер де болды. Алайда, біздің таңдауымыз осы бестік.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика