Вернуться к списку статей

Гол соққан Гоу орнын табар...

Футбол
2K
Жерар Гоу Теміртауда үш гол соқты. Фото: fckairat.com
Қазақстан премьер-лигасының бесінші турында «Астана» мен «Қайрат» алға ұзап кеткен командаларды қуып жетті деуге де болады.

«Шахтер» – «Қайрат» – 1:4

Бұл «Қайраттың» сұрмергені шабуылшысы Жерер Гоудың айы оңынан туған тур болды. Гоу көсіле шапса, гол да болады. Бұған дейінгі бес ойында сылбыр жүріп, самарқау қимылдаған Кот-д'Ивуар шабуылшысы Теміртау төрінде тайраң қақты.

Осы турдан кейін «Қайрат» соңғы жылдардағы өзінің үйреншікті “мәртебесіне” қайта қол жеткізіп, Қазақстан чемпионатында ең көп гол соққан командаға айналса (9 доп), Жерар Гоу да өз орнын енді тауып, мергендер тізімнде көш бастады (5 гол).

«Шахтер» дәл осы ойынға тактикалық тұрғыда дайын болмай шыққан сияқты. «Қайраттың» пәрменді шабуылдарына бір сағат төтеп бергенде, әрі қарай оңай болушы еді. Алайда кеншілер клубының бас бапкері осы 60 минутты қалай өткізуді дұрыс таңдамағандай...        

«Атырау» – «Астана» – 0:1

«Астананың» ұстанымы белгілі – “ақырын жүріп, анық бас”. Кейде үлкен теннистің сұңғыла жұлдызы Роджер Федерерге ұқсап кететіндей ме?! Жеңіске жетуге қанша күш-жігер керек, сонша ғана жұмсайды. Асыра сілтемейді. Ең бастысы – үш ұпай. Әрі жеңісті ойын соңында жұлып алуды әдетке айналдырып барады...

«Атырау» былтыр қандай еді?! Тіпті Владимир Никитенконың тұсында мұндай емес еді. Әрине, бәрін де Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының тоғыз ұпайын шегерп тастап, көңіл-күйлері түсіп кеткендігіне сілтей салуға болады. Әйтсе де, бас бапкері Зоран Вулич өз қарамағындағы жігіттерді желпіндіре алмай жүргендей.

«Қайсар» – «Тобыл» – 0:0

Көш басындағы екі команда Қызылордада тең түсіп, іздеріне түсіп, өкшелерін басқан командалардың қуып жетулеріне мүмкіндік беріп қойды. Екеуі де «Астана» мен «Қайраттың» көктемгі күйзелістерін пайдаланып, алысқа ұзап кете алмады.

Қайсысы екі ұпай олжалап, қайсысы екі ұпайдан қағылды? Дөп басып айту қиын. «Тобыл» түзде ұтылып қалмағанын көңілге медеу тұтатын шығар. Ал өз алаңында ойнаған «Қайсар» ше? Қостанай клубын жеңгенде, «Астана» мен «Қайраттың» өздері шайлығып қалар еді.

Иә, «Қайсардың» алғашқы қарқыны – адам қызығарлықтай. Бірақ алысқа шаба ала ма, жоқ па? Сол белгісіз. Маусым аяғына дейін алқынбай, атой салу оңай емес. Қалай десек те, Қызылорда клубы бесінші турда екі ұпай жоғалтқан сияқты...

«Оқжетпес» – «Ертіс» – 0:2

Кейде аласұрып жағаға соғып, кейде арпалысып айдынға ұрып, асау толқындай тербелген «Ертіс» түзде «Оқжетпесті» тізе бүктірді. Сөйтіп, төртінші турда «Ақтөбеден» ұтылып қалғаны кездейсоқ нәтиже екенін дәлелдегендей болды.

«Оқжетпесті» өз алаңында «Ертістен» ұтылып қалады деп ешкім де ойламаған шығар. Көкше клубының бас бапкеріне «Қайраттың» басшылары мен жанкүйерлері қызығып жүрсе, енді секем алып қалған да болар...

Жалпы, қазір «Оқжетпестің» жағдайы мәз емес. Бес ойында бір-ақ рет жеңіске жетіп, бір ойында тең түсіп, төрт ұпаймен 10-орында тұр. Мысалы, былтыр бес турдан кейін 10 ұпаймен үшінші орында тұрған...

«Тараз» – «Ордабасы» – 2:1

«Тараздың» дәл осы «Ордабасымен» ойнағанда түлеп сала беретіні бар. Былтыр тіпті Шымкентте (ХХІ турда) 3:0 есебімен оңдырмаған. Биыл да көшбасшылық мәртебесіне қарамады. Оңтүстікқазақстандықтарды жеңіп, осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Осы турдың алдында ғана бірінші орында тұрған «Ордабасы» Таразда ұтылып, бесінші орынға дейін сырғыды. Биылғы маусымда екінші рет ұтылып отыр. Орта есеппен, әрбір үшінші ойында жеңілістің кермек дәмін татып жүр. Аз емес сияқты...

«Ақтөбе» – «Ақжайық» – 1:1

«Ақтөбе» де тұрақты ойын үлгісін көрсете алмай жүр. Алғашқы үш турда бірде-бір гол соға алмады. Есесіне, төртінші турда түзде «Ертістің» қақпасына үш доп соқты. Алайда бесінші турда «Ақжайықты» өз алаңында жеңе алмады.

Жалпы, биыл ақтөбеліктер өз алаңында өрнекті ойын үлгісін көрсете алмай келеді. Үшінші турда «Ордабасы» клубынан ұтылып қалған (0:1). Енді, міне, Жайық жағасынан келген командаға азуын батыра алмады. Тіпті ұтылып та қала жаздады...

«Ақжайық» әр ойында кем дегенде бір гол соғып келеді. Әр тур сайын ойыны да жетіліп келе жатқандай. Ақтөбеде бір ойыншысы алаңнан қуылып, матч соңында жеңісті уысынан шығарып алды. Жалпы, қақпашысы мен қорғаушыларына ойлану керек, оралдықтар – Қазақстан премьер-лигасында ең көп жіберетін екінші команда (біріншісі – «Шахтер»).


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика