Тараздың «Ұлан» стадионында өткен оңтүстік дербиі – «Тараз» бен «Ордабасы» арасындағы кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Ал Ақтөбе қаласында өткен «Ақжайық» пен «Ақтөбе» арасындағы батыс дербиінде командалар тең түсті.
«Милан» – «Ювентус», «Челси» – «Арсенал», «Спартак» – ЦСКА, «Динамо Киев» – «Шахтер» кезесулеріне бергісіз текетірес Қазақстанда да бар.
«Тараз» – «Ордабасы» 2:1 (2:1)
Голдар: Мухаметшин, 15 (1:0). Төлебек, 30 (1:1). Қожамберді, 31 (2:1).
Ескерту: Молтусинов 87.
«Тараз»: Логиновский, Кургулин (Әмірханов 69), Миюшкович, Молтусинов, Горбанец, Диарра, Қожамберді (Сейдахмет 72), Таубай, Шипицин (Эргашев 49), Мухаметшин, Фещук.
Резерв: Сатубалдин, Райымбек, Азовский, Байжанов, Кан, Зайнутдинов.
«Ордабасы»: Бекбаев, Ерланов, Рендулич (Абдулин 52), Фонтаньело, Бейсенов (Гейнрих 57), Бочаров, Ковальчук, Нұрғалиев, Төлебек, Йорданов, Марцваладзе (Бөлешев 76).
Резерв: Нурмухаметов, Жұмаханов, Қожабаев, Тұңғышбаев, Смақов, Әшірбеков.
Төрешілер: Ысқақов, Әубәкіров (екеуі де – Астана), Васютин (Алматы)
Тараз қаласы, «Ұлан» стадионы. 3000 көрермен.
Иә, «Қайрат» пен «Астананың» арасындағы айқас бір бөлек, бірақ «Тараз» бен «Ордабасы» арасындағы оңтүстік дерби жанкүйерлер үшін әрдайым қызық. Осы екеуі кездессе міндетті түрде ойын тартысты өтеді деп есептей беріңіз. Голдың да соғылмай қалуы тым сирек. Соңғы рет бұл командалар арасындағы матчта голсыз ойын осыдан төрт жыл бұрын 2013 жылдың көктемінде тіркеліпті. Одан бері он ойын өтті. Әр жолы бір голдан болса да соғылып жатады. Қайсысы турнир кестесінде төмен келе жатса да басқа командалардың барлығынан ұтылып, ойыншылары алаңда селқос жүруі мүмкін. Бірақ, бір-біріне келгенде әкелерінің ақысы қалғандай айқасады. Әрдайым осы. Сонысымен де қызық.
Осы кездесуге дейін «Тараз» бен «Ордабасы» өзара 35 ойын өткізген екен. Соның 13-і шымкенттіктердің жеңісімен аяқталып, 11-інде «тараздықтар» басым түскен. Тағы 11 ойын тең аяқталған. Кезекті кездесуі де тартысты өтетіні түсінікті еді. Қонақта ойнағанына қарамастан «Ордабасы» да қолдаусыз қалған жоқ. Шымкенттен екі автобус толы жанкүйер Таразға жол тартып, матч бойы стадионда қиқу салды.
Сонымен, бұл жолы Ваит Талғаев шәкірттерінің жолы болды. Бірінші қауіпті шабуыл шымкенттіктер тарапынан орын алғанына қарамастан есепті алаң иелері ашты. Кездесудің 15-ші минуты. Украиналық Максим Фещуктің оң қапталдан әуелете асырған пасына ресейлік Руслан Мухаметшин басын әдемі қойды.
Арада тағы 15 минут өткенде қонақтар айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Тура Мардан Төлебектің нүктесі. Сол аяғының соққысы мықты екенін жақсы білеміз. «Теңбіл снарядты» қорғаушылар қорғанынан айналдырып, қақпа торында тулата салды.
Есеп теңесті. Ойын енді тынышталатын шығар деп ойлағанбыз. Допты ортадан ойынға қосқан алаң иелері күтпеген жерден тамаша гол соқты. Кеудесімен қабылдап, жерге түсірместен қақпаға қақырата тепкен Жақып Қожамберді болатын. Есеп 2:1.
Екінші тайм да алма-кезек шабуылдармен өрбігеніне қарамастан екі команданың да шабуылшыларына сәттілік жетіспеді. Ал ойын соңына таман Отар Марцваладзенің қақпашыны алдап өтіп, ашық қақпаға асыра салған добын қорғаушылардың бірі баспен алып шықты.
Осылайша «Ордабасы» осы маусымда екінші рет жеңілістің кермек дәмін татып, турнир кестесінде 4-орынға түсіп қалды. Ал «Тараз» биылдыққа бірінші рет жеңіске жетті.
Тағы бір дерби батыста өтті. «Ақтөбе» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдап, оралдық Мирам Сапановтың басқан соққан голынан кейін 0:1 есебімен жеңіліп жатқан. Егер 80-ші минутта Руслан Валиуллин алаңнан қуылып, қонақтар кем құрамда қалмағанда «Ақтөбе» гол соға алмайтын да ма еді?.. Әйтеуір, содан кейін ғана «Ақжайықты» қыса бастады. Ақыры негізгі уақыттың аяқталуына төрт минут қалғанда оралдықтардың қорғанысы сөгіліп, бразилиялық Кассиано қақпаға допты баспен соқты.
«Ақтөбе» – «Ақжайық» (Орал) 1:1
Голдар: Сапанов, 9 (0:1), Кассиано, 86 (1:1).
Ескертулер: Кассиано 30, Аслан 56 – Шабаев 53, Сапанов 60, Валиуллин 67, Николич 76, Рубио 90+.
Ойынның 80-минутында Руслан Валиуллин алаңнан қуылды.
«Ақтөбе: Сидельников, Кассиано, Джуниор, Торрес (Зенькович 54), Воловик, Гуйе, Алмейда, Аслан (Байтана 72), Қайыров (Кәкімов 46), Шестаков, Шурыгин.
Резерв: Отарбаев, Тотай, Розыбакиев, Дәуітов, Айтбаев, Ермаченко.
«Ақжайық»: Толебаев, Говедарица, Коронель (Рубио 86), Одибе, Азука, Дельгадо (Антипов 69), Николич, Валиуллин, Шабаев (Шмидт 64), Сапанов, Ерсәлімов.
Резерв: Котляр, Макаев, Тапалов, Омаров, Чулагов, Перцух.
Төрешілер: Московченко (Павлодар), Жаспенов (Алматы), Айжігітов (Қызылорда).
Ақтөбе қаласы. БЖСМОР алаңы, 3000 көрермен.