Вернуться к списку статей

Бауыржан Жолшиев футболға енді орала ма?

Футбол
2K
Бауыржан Жолшиев футболға енді орала ма?
Қазақстан футболында трансферлік маусым жабылды. Премьер-лига клубтары құрамдарын толық жасақтап болды. Бірақ...

Футболшылар шамаларынша өздеріне команда тапты. Бірақ арасында Бауыржан Жолшиев жоқ. Өткен жылды «инстаграмда» өткізген «жұлдыз» биылғы маусымды да әлеуметтік желіде өткізетін секілді.

– Жазғы трансфер кезінде Бауыржан Жолшиевтің бізге қажеті болмайды. Өйткені бұл маусымның аяғына дейін оның көмегі бізге тимейтіні анық. Неліктен? «Астана» талап ететін ойын деңгейіне келудің өзі Жолшиевтің жарты жылдық уақытын алады. Ал футболшы шілде айында еурокубок матчтарына сақадай сай болуы қажет, - деді кеше клубтың ресми сайтына берген сұхбатында Саян Хамитжанов.

Әр сөзіне жіті мән беріңізші. Бір жағынан жазғы трансферлік кезеңде оның қажеті болмайды деп тұр, екінші жағынан шілде айына дейін бабында болуы тиістігін меңзеп отыр. Демек, алдағы бір-екі аптаның ішінде футболшы «Астана» сапына ауысу әбден мүмкін. Дегенмен, бәрі де Жолшиевтің клуб басшылығының көңілін тауып, қателігін қаншалықты мойындай білгеніне байланысты секілді. Қандай қателік дейсіз бе? Ары қарай оқыңыз.


2015 жыл Бауыржан Жолшиев үшін өте сәтті өтті. «Астанамен» бірге Чемпиондар лигасында атой салып, командасымен бірге өзі де аспанға бір-ақ шапты. Алайда, «Астана» дер кезінде жерге түскенімен Жолшиев көкте қалқып қалып қойды. Түскісі келген жоқ. Жұлдыздардың арасында мәңгілік жүре берем деп ойлаған сияқты. Клубтың бас бапкері Станимир Стойлов Жолшиевті жоғалтып алды. Кейін басшылық та бас тартты. Оған өкінген Бауыржан жоқ. «Инстаграмда» небір суреттерін салып, футболсыз да өмірінің тамаша өтіп жатқанын көрсетіп жатты. Кейін Қытайға кетпек болды. Бейжіңнің «Бейцзинь Гоань» клубының өкілімен бірге жейде ұстап, суретке түсті. Бірақ мұнысы жай ғана PR болып шықты.

Былтыр жазда Украинаға барып қайтты. Ол жақта да ешкім оны керек қылмады. Әйтпесе, біреулер «Динамоға», екіншілері Донецкінің «Шахтеріне» жіберіп жатты. Жолшиев те сол екі клубтың біріне барып, шалқып жатқысы келген шығар. Дегенмен, аспанда қалықтап жүрген ойыншы украиналықтар керек қыла қойсын ба?! Елге қайтып, тағы да әлеуметтік желіге жармасты. Ара-тұра «менің кәсіпқой футболдағы карьерама кедергі келтіріп жүргендер бар» деп қоғамнан араша іздегендей болды. Әйтсе де, кім екенін нақты жазбағаннан кейін ешкім оның сөздеріне аса назар аудара қойған жоқ.

Биыл Бауыржан Жолшиев команда іздеуге шындап кірісті. Бір жылдық демалыстан кейін бірден клуб табыла қойсын ба? «Ордабасы» өзінде көргісі келген. Неге екені белгісіз, шымкенттіктер роман сәтсіз болды. Одан кейін «Ақтөбеге» барып, оқу-жаттығу жиынына да қатысты. «Инстаграмға» «Ақтөбе» формасында түскен суреттерін жариялап, «мен оралдым, бақытымды таптым» деген сынды жазбалар қалдырып жатты. Алайда, ол жақта да ұзақ тұрақтай алмады.


Трансферлік терезенің уақыты жақындаған сайын Бауыржан Жолшиевке биыл тағы да далада қалатын қауіп көбейе түсті. «Жұлдызды» жігіттің қайдан шығатыны бәрі де қызық еді. Бірақ, ел чемпионаты 8 наурызда басталды, трансферлік маусым 3 сәуірде аяқталды. Жолшиевке 12 клубтың біреуінен де орын табылмады. Ал кеше «Астана» футбол клубының ресми сайтында Саян Хамитжановтың қызық сұхбаты жарияланды.

– Құдай-ай, мен қателескен болайын, бірақ, меніңше, ол ойыншы үлкен футбол үшін енді жоқ. Өз басым, Еуропаның топ-клубтарында өнер көрсетуге деңгейі жететін үлкен талант иесі табиғат берген дарынын обал қылып жатыр. Ақшаны футболдан биік қойғанды Құдай кешірмейді, - депті клубтың бас менеджері.

Сіздерді қайдам, өз басым Хамитжановтың бұл пікірін қысым ретінде қабылдадым. Қазақстан Премьер-лигасының Регламенті бойынша, трансферлік терезе жабылғанымен әр клуб өз құрамына бір еркін агенттен қоса алады. Құқығы бар. Яғни, егер Жолшиев кезінде «жұлдыз ауруына» шалдығып, қателескенін жан-дүниесімен мойындаса Хамитжанов та оны кешіріп, «Астана» сапына қосуы әбден мүмкін. Жолшиевтің трансферлік құқығы Саян Жақсыгелдіұлына тиесілі екенін мамандар да, жанкүйерлер де жақсы түсінеді. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика