Вернуться к списку статей

“Қайрат” “Ертісті” де жеңе алмады – Төртінші рет тең түсті

Футбол
1K
Бүгін ХVІІІ турдың мерзімінен бұрын өткізілген екі ойынының бірінде «Қайрат» «Ертіспен» тең түсті.

Биыл Еуропа лигасында додаға түсетін клубтарымыз ХVІІІ турдағы ойындарын ертерек өткізді. «Тобыл» өз алаңында жол соғып, шаршап келген «Ордабасы» футболшыларын ұтса, «Қайрат» өз алаңында «Ертіске» қайратын өткізе алмады.

«Қайрат» бірінші таймда әдеттегідей, тәп-тәуір ойнады. Қарсыласын қыспаққа алып, тынымсыз шабуылдады. Гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ теңбіл допты қақпа торында тулата алмай-ақ қойды.

Бауыржан Исламхан да алыстан екі мәрте «Ертіс» қақпасын нысанаға алды. Лория екеуін де тойтарды. Исаэль ұрымтал жерден допты қақпадан биік тепті. Ал Иличевич кем дегенде, екі-үш рет тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберіп қойды...

Екінші таймда «Қайрат» алаңға бір қорғаушысының орнына екінші шабуылшысын шығарды. Сөйтіп тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Әрі ойынның екінші жартысы басталған бетте есеп ашып, алға шықты.

Доп ойынға бұрыштан қосылған... Бұған дейін небір қауіпті соққыларды тойтарып, бірнеше шабуылға тосқауыл бола білген Давид Лория кібіртіктеп қалып, осы ойында ерекше көзге түсіп, өте белсенді болған Жарко Маркович дедек қаққан допты қақпаға тура бағыттады. Гол!

«Қайраттың» бұдан кейін де есепті еселей түсетін мүмкіндігі болды. Бірақ Алматы клубының ойыншылары тағы да өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, жаза басты. Лория өз қателігін түзеу үшін жанталасып, қас шеберлік танытты.

Ал ойын аяғына қарай алаң иелері қарқындарын сәл бәсеңсітіп алғандай болды. Әлде осы жеңісті есепті уыстарынан шығарып алмауды ойлады ма, белгісіз... Әйтеуір, «Ертіс» жиі шабуылдай бастады. «Қайраттың» бас бапкері де «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, бір шабуылшысын алып тастап, қайтадан төртінші қорғаушы шығарды.

Ал ойынның 80-минутында қонақтар таразы басын теңестірді. Доп тағы да ойынға бұрыштан қосылған. Еңгерзедей Маркович қапелімде шатысып, қонақтардың ойыншыларының емес, Исламбек Қуаттың жолын кесіп, «Ертістің» екі бірдей ойыншысы ашық қалды. Соның бірі – допты қақпаға басымен дөп түсірген Илья Воротников.

Жалпы, Воротников бұл ойында өте сауатты ойнады. «Қайраттың» шабуылшыларының гол соғуларына мүмкіндік бермеді. Аяқтарына оратылып, тепкен доптарына ышқына атылып, кері қайтарумен болды. Содан болар, Жерар Гоу өзін бас бапкері ауыстырып жібергенде, ашуға булығып, наразы екендігін ашықтан ашық білдірді...

Сонымен, «Қайрат» төртінші рет қатарынан тең түсті. Бірінші турда «Ақтөбені» Алатау бөктерінде әзер жеңген. Содан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмытты. Түзде «Таразбен», ал өз алаңында «Оқжетпес», «Қайсар», «Ертіс» командаларына азуы батпай, ұпай бөлісуге мәжбүр болды.

Ал өткен турда, өз алаңында «Ақтөбеден» ұтылып қалған «Ертіс» Алматыда «Қайратпен» тең түскеніне мәз болды. Дәл қазір Павлодар клубы сегіз ұпаймен 4-орында тұр. Ал Кахабер Цхададзе жаттықтыратын алматылықтардың олардан – бір ұпайы кем, әзірше 5-орында...

«Қайрат» – «Ертіс» – 1:1 (0:0)

Голдар: Маркович, 48 (1:0). Воротников, 80 (1:1).

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев (Анене, 46), Арзо Ампоста, Маркович, Сүйімбаев, Қуат, Бакаев, Исаэль, Иличевич (Аршавин, 65), Исламхан (к), Гоу (Ахметов, 78).

Қосалқы құрам: Покатилов, Элек, Вороговский, Тұрысбек, Балтабаев, Жуков.

«Ертіс»: Лория (к), Есимов (Калинин 77), Воротников, Ткачук, Двали, Гетериев (Алиев 90+2), Дарабаев, Живкович, Родриго Антонио, Фонсека, Нганбе (Джедже, 64).

Қосалқы құрам: Калмыков, Фофана, Попов, Смайылов, Жұмасқалиев, Шабалин.

Төрешілер: Вишниченко (Қостанай), Шәріпов (Атырау), Панин (Қостанай).

04 сәуір. Алматы. «Орталық» стадионы. 5 000 көрермен



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика