Вернуться к списку статей

Қай бапкер орнынан кетуі мүмкін – Кахабер Цхададзе ме, Зоран Вулич пе?

Футбол
1K
Бәрін бірдей құшақтау керек сияқты... Фото: fckairat.com
Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында төртінші турынан соң кейбір командалардың бас бапкерлеріне тықыр таянғандай болды...

«Қайрат» – «Қайсар» – 1:1

«Қайсар» түзде жеңілген жоқ. Алғашқы үш турдағы жеңісінің кездейсоқ жетістік емес екендігін дәлелдеген де болды. Ендігі мәселе – “алыс қашықтыққа” шыдай ала ма, тынысы оған жете ме, сол ғана. Маусым аяғына дейін осы қарқынын жоғалтпай, дәл осылай жоғары деңгейде ойнай ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Ал «Қайраттың» жағдайы жақсы емес. Соңғы үш турда тең түсіп, алты ұпай жоғалтты. Өз алаңында екінші рет “итжығыс” түсіп отыр. Құрамын қанша күшейтсе де, ойын өрнегі жетілер емес. Бар кінә бас бапкерінде сияқты. Қысқасы, Кахабер Цхададзеге тықыр таянғандай...

«Ертіс» – «Ақтөбе» – 1:3

«Ертіс» өз алаңында етпетінен түсті. Бір гол соғып алған соң топтсасы берік қорғанысына сенді ме, белгісіз... Әйтеуір, қарқындарын бәсеңсітіп алды. Тәжірибелі қорғаушылары қателесіп, білгендерінен жаңылды. Тасқамал қақпашысы мұндайды күтпеген сияқты...

Ал үш тур бойы гол соға алмай жүрген «Ақтөбе» ерке Ертіс жағасында көктемгі ағын судай тасыды. Жеті таймға созылған “қуаңшылық” 333-минутта бұзылды. Бұдан кейін 14 минуттың ішінде үш гол соғып, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қызыл-ала жейделілер енді екпін алған сияқты. Бесінші турда көреміз, шабуылының қаншалықты пәрменді екенін.

«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 2:1

Оңтүстікқазақстандықтар өз алаңында Көкше клубын әупіріммен жеңді. Әйтсе де, аяқ алысы жаман емес. 10 ұпаймен көш бастап тұр. Негізі, қарқыны тым жоғары болғаны да, жақсы емес. Тез “алқынып” қалуы мүмкін. Ойын өрнегі “жүре” түзеле жатар, ең бастысы – нәтиже!

«Оқжетпес» биыл да жанкешті команда екенін дәлелдеп жүр. Бірақ Шымкентте қақпашысы өрескел қателік жіберіп, бір ұпайдан қағылды. Қолындағы доптан айырылып қалды. Жалпы, мұндай қақпашылар өзімізде де бар емес пе?! Ол жағын өздері біледі, енді...

«Шахтер» – «Астана» – 1:2

Негізі, бұл ойын елордада өтуі керек болатын. Бірақ «Астана-Арена» стадионы» жабылып қалып, ел чемпионының жағдайы тығырықа тіреліп, кеншілер клубына үлкен өтінішпен жүгінді. «Шахтер» келісіп, екеуі Теміртауда додаға түсті.

Ашығын айту керек, «Астана» әлі бауырын жазып, екпін ала қойған жоқ. «Шахтерге» осыны пайдаланып, кемі бір ұпай олжалап алудың тамаша сәті түсті-ақ. Бірақ өздері кінәлі, матч соңында босаңсып қалды. Тым болмаса, тең есепті ұстап қала алмады...

Ал «Астана» клубына қай голкипері негізгі қақпашы екенін айырып алу керек сияқты. Әлеуеті зор жас қақпашыларының бәрін жіберіп қойды. Қазір сенім арып жүрген жігіттері анда-санда қателесіп жүр. Гол соғу мұң болғанда, ойламаған жерден доп жіберіп алу жағдайды мүлде қиындатып жүр. Әйтсе де, бұл турда жолдары болып, үш ұпай олжалады.

«Тобыл» – «Тараз» – 1:0

Биылғы ел чемпионатын өте жоғары қарқында бастаған «Тобыл» да бұл турда әупіріммен жеңіске жетті. Құрамы осалдау командаға басымдық таныта алмады. Жылдамдықтары төмендеу сияқты. Чемпионат басында, яғни қыс бойы “суып” қалған «Астана» мен «Қайрат» “от” алып, екпіндерін күшейткенше немесе ішкі мәселелерін шешіп алғанша, ұпай қорын молайтып, алға ұзап кете алмай жүр.

«Тараз» тартылып келе жатқандай. Әсіресе қорғанысы жаман емес сияқты. Бұл турда үш орталық қорғаушымен ойнады. Бірақ шабуылы – әлсіздеу. Төрт ойында бір-ақ гол соқты. «Тобылмен» өткен ойынның екінші таймында алаңға 17 жастағы Еркебұлан Сейідахметті шығарды. Енді не істейді? Гол соғатын, шабуыл өтіне май құйып отыратын адам керек...   

«Ақжайық» – «Атырау» – 2:2

Егер осы ойында «Атырау» ұтылып қалғанда, кім білсін, қазір Зоран Вулич киім-кешегін жинастырып, заттарын шабаданға салып жатар да ма еді? Абырой болғанда, Новица Максимович бағы жанайын деп тұрған жігіт екен, қазақ топырағында алғашқы ойынында-ақ пас беріп, гол соқты.

Десек те, не Вуличке өзін-өзі қамшылау керек, не клуб басшыларына басқа бас бапкер іздеу керек. Себебі, «Атырау» құрамы жақсы болса да, әлі шегерілген тоғыз ұпайының орнын толтыра алмай жүр. Жүрісі – шабан, жылдамдығы – төмен

Ал «Ақжайыққа» құрамын әлде де нығайта түсу керек сияқты. Биыл чемпионат ұзақ, үш айналымнан тұрады. Өзімен деңгейлес командалармен кездесіп, басты бәсекелестерін қуып жетуге болатындай, «екінші алтылық» деген жоқ, былтырғыдай мүмкіндік болмайды... 



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика