Вернуться к списку статей

“Ақжайық” пен “Атырау” – Жанкүйерді тербеткен Жайықтың “толқындары”

Футбол
2K
Жайық жағасындағы
Төртінші турдың соңғы ойыны Оралда өтіп, Жайық дербиінде «Ақжайық» пен «Атырау» тең түсті.

Бірінші тайм да гол соғылған жоқ. Екі команда да бұл ойынды сылбыр бастады. Есесіне, матчтың екінші жартысында төрт гол соғылды. Қос команда алма-кезек алға шығып, екеуі де жеңісті есепті ұстап қала алмады.

Есепті қонақтар ашты. Айып соққысын содан бірер минут бұрын ғана алаңға шыққан Новица Максимович орындап, допты әуеле алға асырды. Ал Юре Обшивач басымен қақпаны дәл көздеді. Бұл – оның екінші голы. Әзірше «Атыраудың» “сұрмергені” осы хорват қорғаушысы болып тұр.

Бұдан кейін алаң иелері қамшыны басты. Қарқындарын күшейтіп, шабуылды үдетті. Қонақтарын тықсырып, қорғаушылары мен қақпашысы әбден састырды. Есепті теңестіріп қана қоймай, екі гол соғып, таразы басын өздеріне қарай аударды.

Әуелі сол қапталдан әуелеп келген допты команда капитаны Мирам Сапанов басымен қақпаға дөп түсірді. «Атыраудың» қақпашысы Жасур Нарзикулов қоса секірсе де, қолымен допты кері қайтара алмай, жаза басты.

Көп ұзамай, «Ақжайықтың» да екінші таймда алаңға шыққан футболшысы гол соқты. Оңтүстікамерикалық Дельгадо Аренас допты алыс бұрышқа доғаша иіп, қонақтарының қақпашысын тағы да қапы қалдырды.

Бұдан кейін алаң иелері қарқындарын бәсеңсітіп алды. Қонақтар мұны пайдаланып, қарсы шабуылдар ұйымдастыра бастады. Осындай шабуылдардың бірінде допты ойынға бұрыштан қосу мүмкіндігіне ие болды.

Доп әуелеп ұшып келе жатқанда, қақпа алдында бәрі жанталасып, екі команданың ойыншылары ұмар-жұмар болды.Предраг Говедарица құлап бара жатып, өзін итеріп жібергендей болған Антон Чичулинді бір тепті. Допты теппек болды ма, әлде есесін бермек болды ма, түсініксіз...

Төреші ойланбастан, 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Ал пенальтиді Новица Максимович мүлтіксіз орындап, есепті теңестірді. Сөйтіп, «Атырау» Оралдан бір ұпай олжалап қайтты.

Жалпы, «Ақжайықтың» тынысы енді ашылып келе жатқандай. Биылғы маусым аралығында келген легионерлері қазақ додасына бейімделе бастағандай. Шабуылда ширақ ойнайды. Бүгінгі голдарының екеуі де өте әдемі соғылды. Бірақ... бірақ қорғаныста көп қателеседі...

Ал «Атырауға» бір серпіліс керек сияқты. Құрамы жаман емес. Ойыншыларының деңгейі де төмен емес. Тек ұжымдық ойын өрнектері үйлеспей жүр. Қарқындарын үдетіп, жанкештілік танытса, Қазақстан премьер-лигасындағы кез келген командамен тайталаса алады. Бәлкім, бас бапкерін ауыстыру керек пе екен?..

«Ақжайық» – «Атырау» – 2:2 (0:0)

Голдар: Обшивач, 57 (0:1). Сапанов, 64 (1:1). Аренас Дельгадо, 70 (2:1). Максимович, 88-пенальтиден (2:2).

Ескертулер: Шабаев, 34. Төлебаев, 84 – Маров, 30. Родич, 45+1. Джокич, 60.

«Ақжайық»: Төлебаев, Сапанов (к), Николич, Одибе, Сергиенко (Ерсәлімов, 51), Говедарица, Ортиз, Валиуллин (Омаров 90+5), Шабанов, Изу, Рубио (Аренас Дельгадо, 62).

Қосалқы құрам: Удалов, Антипов, Чулагов, Тапалов, Заречный, Макаев

«Атырау»: Нарзикулов (к), Чичулин, Лобжанидзе, Обшивач, Эсатов (Коробов, 41), Джокич, Маров (Ли, 73), Хайруллин, Саломов, Родич (Максимович, 46), Двалишвили.

Қосалқы құрам: Пасеченко, Мәжитов, Нұрыбеков, Әбдірахманов, Қайыраллиев, Сүлей.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Попов, Тасыбаев (екеуі де – Павлодар)

01 сәуір. Орал. «Ақжайық» стадионы. 3 000 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика