Вернуться к списку статей

"Астананың" "Қайраттан" басты айырмашылығы – соңына дейін ойнайтындығы

Футбол
1K
Елордамыздың «Астана-Аренасында» ойнауы тиіс болған «Астана» мен «Шахтер» футболшылары Теміртаудың «Металлург» стадионында кездесіп, ел чемпионы соңғы үш минутта соққан екі голының арқасында алаң иелерінен жеңісті жұлып алды.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Астана» 1:2 (0:0)

Голдар: Габышев, 63 (1:0). Кабананга, 88 (1:1). Скорых, 92-автогол (1:2).

Ескерту: Маевский, 88.

«Шахтер»: Шацкий, Айегбуси, Габышев, Кадио, Мангуткин (Аллегриа 70), Тарасов, Соке, Скорых, Стяонович, Хайруллин (Васильев 83), Тәжімбетов (Шахметов 70).

Резерв: Багинский, Ткачук, Орал, Путинцев, Тәттібаев, Әлімбаев.

«Астана»: Мокин, Аничич, Бейсебеков, Постников, Шомко, Граховац, Мужиков (Жалмұқан 72), Кабананга, Ллуллаку (Муртазаев 74), Маевский, Твумаси.

Резерв: Эрич, Логвиненко, Жүнісов, Прокопенко, Наджарян, Жақыпбаев, Шитов.

Төрешілер: Гаузер, Бейжанов, Виноградов (бәрі де – Петропавл)

Теміртау қаласы, «Металлург» стадион. 1500 көрермен.

Бірақ, Теміртаудың да стадионы оңып тұрған жоқ еді. Оған Сарыарқаның аңызық желін қосыңыз. Тұла-бойыңнан өтетін суық денеңді дірдектетіп, доп тебудің өзін қиынға соқтырып жатты. Сондықтан, шығар бірінші таймда екі команданың да футболшылары дел-құлы ойнады. Егер формаларында қалта болып алса, қолдарын салып алып, шығармауы да мүмкін еді. Ал үзіліс кезінде бас бапкерлерінен біраз сөз естіген болулары керек, әйтеуір допқа таласа бастады. Әсіресе, алаң иелері. Ал чемпиондардың, шамасы, асықпай жүріп, ойын соңына таман жеңіс голын соғамыз деген «арам ойлары» болған сияқты. 

Сондықтан, есепті «Шахтердің» ашқаны жақсы болды. Бір сыдырғы өтіп жатқан кездесуге жан кіріп, бұған дейін «өгіз аяңмен» ойнап жатқан елордалықтар төртінші жылдамдықты қосты. Ал «Астана» қақпасына гол соққан Михаил Габышев. Негізі Габышевтің бұл соққысы аса да қауіпті емес еді. Бірақ негізгі құрамнан Ненад Эричті ысырып тастаған Александр Мокин дұрыс секірмей, допқа аяғын ыңғайсыз тосты. 

Кім біледі, бәлкім қақпашы футболшыларын оянсын деп осындай қателік жіберген болар. Өйткені, шынымен де осы голдан кейін Станимир Стойлов шәкірттері белсенділіктерін арттырды емес пе?! «Кеншілерді» қыспаққа алып, қауіпті шабуылдарды қатарынан ұйымдастыра бастады. 

Дидар Жалмұқанды да ойынға дер кезінде қосты. Негізі, елордалықтардың екі нәтижелі шабуылын ұйымдастырған да осы Дидар. Оң қаптал арқылы ойқастаған жастар құрамасының жартылай қорғаушысын «Шахтер» ойыншылар тұсаулай алмай пұшайман болды. Осылайша алдымен Джуниор Кабананга таразы басын теңестірсе, ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Иван Маевскийдің қақпа маңына асырған добын Сергей Скорых өз қақпасына соғып алды.

Сонымен, осы жеңістің арқасында «Астана» 7 ұпаймен турнир кестесінде «Ертіс» пен «Қайратты» артқа тастап, төртінші орынға көтерілсе, «Шахтер» Қазақстан футбол федерациясының «Атырауға» қолданған жазасының арқасында ғана соңғы орынға түспей тұр. Енді келесі кездесуін қарағандылықтар 8 сәуірде «Қайратты» қабылдайды. 

Ал «Астана» келесі турда Атырауға қонаққа барып, 12 сәуірде «Ақтөбені» қабылдауы тиіс болады. Бірақ, қайда қабылдайды? «Астана-Аренаның» кемінде мамыр айына дейін дайын болмайтыны түсінікті. Тағы да қарсылас командаға «бізді қонақ қылшы» деп өтіне ме? Былтырғы «Щеткиннің хикаясынан» кейін «Ақтөбе» оған көне қояр ма екен? 

Ал «Астананың» қосалқы алаңы ретінде Павлодардың стадионы көрсетілгені тіптен күлкілі. Мейлі, ол кезге де әлі кезек келер. Әзірге «Астана» «Қайратпен» салыстырғанда чемпиондық амибициялары жоғары екендігін дәлелдеп жатыр.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика