Вернуться к списку статей

Еркебұлан Сейідахмет тек Қазақстанның намысын қорғайды – Махамбет Дүйсембаев

Футбол
2K
Қазақтың жас дарыны Еркебұлан Сейідахметке көз тігіп, сілекейлері шұбырып отырған командалар да, елдер де аз емес. Солардың бірі – Ресей.

Солтүстік көршілеріміздің футбол агенті Дмитрий Селюк тіпті, Еркебұланға Ресей төлқұжатын беріп, өздерінің құрамаларына тартып алуды ұсынып отыр. Ал біздегілер не дер екен? Осы орайда «Тараз» футбол клубының президенті Махамбет Дүйсембаевпен сұхбаттасқан едік.

– Еркебұлан әлі жас бала ғой. Өз ойынын енді ғана көрсетіп келе жатыр. Алдын-ала жұлдыз қылып жіберуге болмайды. Оны әлі алда неше түрлі сынақтар күтіп тұр. Тынбай жаттығып, шыңдала беру керек. Көз бар, сөз бар дегендей, қазір көбірек мақтап жіберсек, ертең ойнай алмай қалуы мүмкін, - деп бастады Махамбет Ахметұлы. – «Елдің сөзіне ере бермей, жаттығу жаса. Алдымен өзіңді көрсет. Әлі ешнәрсеге қол жеткізген жоқсың», - деп оған өзім де айтып отырамын. 

Жалпы, өзі де қарапайым бала. Әкесі жоқ екен. Шешесімен бірге тұрады. Басы бар, миы істейтін бала. Бірақ, атақ, елдің сөзі, журналистердің мақтауы адамды тез өзгертеді ғой. Әзірге бізбен бірге жаттығып жүр. Енді премьер-лиганың алдағы ойындарында байқаймыз. Егер жаттығуларда негізгі құрамдай ойнауға лайық екендігін көрсетіп жатса, бас бапкер міндетті түрде алаңға шығарады. Әйтпесе, «Зениттің» жасөспірімдер сапында төрт гол соқты деп масайратып жіберуге болмайды. Жасөспірімдер футболы мен ересектер футболы мүлдем бөлек нәрсе.

– «Тараз» футбол клубымен келісімшартқа отырыпты. Оған қызығып жүрген клубтардың көп екенін ескерсек, өздеріңізде ұстап қалу қиын болған жоқ па?

– Негізі, Еркебұлан «Тараз» футбол орталығының түлегі. Бізден шыққан. Қалалық деңгейдегі «Монтажник» деген ең мықты командамыз бар. Кейін сол жаққа ауысты. Бірақ, әлі мектепте оқиды. Сондықтан, агенті бар, ағайын-туысы бар, әзірге Таразда жүргені дұрыс деп шешті. Біз оны бір жылға жалға алдық. Ал одан кейін не боларын уақыт көрсетеді ғой.

– Әдетте кәсіпқой клубтар мұндай дарындармен бірден 5-6 жылға келісімшартқа отыратын еді. Неліктен бір-ақ жыл?

– Өзіңіз айтпақшы, Еркебұланға қызығып жүрген команда көп. Сондықтан, «Монтажник» оны бізге біржола бермей отыр. «Зениттің» де көз тігіп отырғаны жайлы ақпараттарды оқыдым. Агентінің де өз ойлағаны бар. Бірақ, қазір бізбен жаттығып жүр. Осы маусымда ешнәрсеге алаңдамай, өзін көрсетсін. Ең бастысы, жарақат алып қалмасын, тіл тиіп, көз өтіп кетпесін деп тілейік. Одан кейін өзімізге алып қалуға тырысамыз ғой. Оның алдағы тағдырын «Тараз» шешеді. Ал біз Еркебұланды әзірге ешқайда жібергіміз жоқ.

– Ресейлік агент Дмитрий Селюк журналистерге берген сұхбатында Еркебұланға Ресей азаматтығын беріп, өзімізге алып алайық депті.

– Мен де оқыдым. Мұндай нәрселерге мән бере берудің қажеті жоқ. Еркебұлан тек Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайды. Өзімен де әрдайым сөйлесіп, психологиялық тұрғыда жұмыстар жүргізіп тұрамыз. Журналистердің мақтауына, агенттердің азғыруына, жанкүйерлердің арқадан қағуына ере беруге болмайды. Тынбай жаттығу жасап, алдымен өзін көрсетіп, шеберлігін дәлелдеуі тиіс. Өзі де қарапайым отбасыдан шыққан, ақылы толысқан бала ғой. Басы бар. Селюктің сұхбатына ол да миығынан бір күлген болар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика