Бас бапкер Александр Бородюктің айтуынша, Мақсат, Мардан Төлебек және Серікжан Мужиков үшеуі матч алдында сырқаттанып қалғандықтан алаңға шыға алған жоқ. Армениямен болатын бүгінгі кездесудің қарсаңында Байжановқа хабарласып, хал-жағдайын сұраған едік. Соңы сұхбатқа ұласты.
– Жолдың ұзақтығынан ба, әйтеуір, ұшақта салқын тиіп, тамағым ауырып қалды. Әйтпесе, елден есен-сау шыққан едік. Кипрде де ауа-райы жайсыз болған жоқ. Тек, жол кішкене ауыр тиді. Ал қазір жағдайымыз жақсы. Егер бас бапкер қажет деп шешсе, онда бүгін алаңда барымды салуға тырысамын, - деп бастады Мақсат Байжанов.
– Кипрдегі ойынға тоқталсақ. Команданың бірінші болып гол соғып, жеңісті ұстап қала алмауы неліктен?
– Нақты себебін түсіндіре алмаймын. Жігіттер жаман ойнаған жоқ. Ойын жағынан да біз көбінесе алаң иелерінен үстем түсіп жаттық. Тек соңына таман концентрациямызды жоғалтып алған сияқтымыз.
– Жалпы, Кипр құрамасын біздің құрамадан қандай айырмашылықтары бар екен? Оларды бізден мықты деп айтуға келе ме?
– Кипрліктерді бізден мықты деп айтпас едім. Ойын барысында біз оларды тықсыртып, қақпасының алдына қысып тастаған кезіміз де болды. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп еді. Сәттілік жетіспей жатты. Егер Таңаттың голынан бөлек, тағы да бір-екі мүмкіндігімізді мүлт жіберіп алмағанымызда, онда кипрліктердің екінші таймда қарсыласуға шамасы жетпей қалар еді. Бірақ, өтер ойын өтті. Енді қалайда Армения құрамасынан ұпай алуымыз керек.
– Ендеше Арменияның әлсіз немесе күшті тұстарын атап өтсеңіз.
– Әлсіз тұстарын аса байқамадық. Оны алаңда іздеп табуға тырысамыз. Біздің топтағы соңғы турда Черногория құрамасын жеңген. Өз алаңында жақсы ойнайтынын да көрдік. Құрамы да қарымды. Біздің чемпионатта ойнаған бір-екі жігіттер бар. Мысалға, Геворг Казарянмен Қарағандының «Шахтерінде» бірге доп тепкенбіз. Екеуміз де орталық жартылай қорғаушымыз. Командада бір-бірімізге ең көп пас беретіндердің бірі екеуміз едік. Ереванда әлі кездеспедік. Ойынның алдында кездесерміз.
Дегенмен, Армения құрамасының басты жұлдызы – Генрих Мхитарян. Сол шабуылшыға артық қимыл жасатпауымыз қажет. Жалпы, футбол бір ойыншыдан тұрмайды ғой. Біз олардан команда ретінде үстем болуымыз керек. Егер жігіттер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білсек, онда елге үш ұпаймен оралармыз. Қалай болған күнде де, алаңға тек жеңіс үшін шығамыз.
– Жалпы, біздің тобымыздағы басты бәсекелесіміз деп осы Армения құрамасын айтуға бола ма? Біздің топтың көшбасшысы деп қай команданы есептейсіз?
– Басты бәсекелісіміз Армения деген дұрыс емес шығар. Біз барлық командаға қарсы барымызды сала ойнауға тырысамыз. Егер тобымызда бізден бөлек, бес команда бар дейтін болсақ, Армения сол бесеудің біреуі ғана. Дәл қазір турнир кестесінде Польша құрамасы көш бастап тұр. Дегенмен, біз сол поляктармен де ойнауға болатынын дәлелдеп, 2:2 есебімен тең ойнағанбыз. Сондықтан, біздің топта қай команданың көшбасшы екенін айту қиын. Оны іріктеу додасы аяқталған соң көре жатармыз.
– Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Александр Бородюктің жаттықтыру процессі бұрынғы бапкерлерден қаншалықты өзгеше екен? Бірінші ретте футболшылардан не талап етеді?
– Александр Бородюкпен Талғарда таныстық. Көпті көрген, білікті маман екені бірден көрінді. Тәжірибесі мол. Кезінде Гусс Хиддинктің қасында жүріп, біраз тәлім алған. Сондықтан шығар, ресейлік болса да, футболға деген көзқарасы еуропалықтарға тән. Басқа бапкерлермен салыстыру әбестік болар. Кез келген жаттықтырушының өз стилі бар ғой.
Бородюк қай футболшымен болмасын, жылдам тіл табысып кетеді. Сондай-ақ, өте әзілқой бапкер. Жаттығуларының барлығы көңілді өтеді. Өзгелер секілді ол да бізден бірінші ретте сауатты ойын, жарқын жеңіс талап етеді. Бірақ, біз де кәсіпқой футболшылармыз ғой. Ешкімнің талап етуінсіз-ақ өзіміз де жеңістің керек екенін жақсы түсінеміз.
– Енді «Қайсар» футбол клубы туралы. Қызылордалық команданың алғашқы үш турдағы ойындарына баға берсеңіз.
– Маусымның «бісмілләсін» жақсы бастадық. Алғашқы үш турда тоғыз ұпай еншілеп, жүз пайыздық көрсеткішпен турнир кестесінде көш бастап тұрмыз. Мұның барлығы командамыздағы ынтымақтың арқасында деп білемін. Өйткені, биыл «Қайсарға» жақсы ойыншылар жиналды. Легионерлер де мұнда өздерінің шеберліктерін дәлелдеу үшін келгендерін көрсетіп жатыр.
Бапкерлер алқасы да ойынымызды дұрыс арнаға қоя білді. Облыс басшылығы да әрдайым қолдауларын аямайды. Жанкүйерлерімізді де айта кету керекпіз. Қызылордадағы екі ойында да бастан-аяқ қолдау көрсетумен болды. Оны айтасыз, Астанадағы «Шахтерге» қарсы кездесуде де өзімізді, құдды бір, Қызылордада жүргендей сезіндік. Осының барлығы сайып келгенде үш ойында да жеңіске жетуімізге септігін тигізіп отыр.
– Жалпы, биыл команданың осы маусымға қойып отырған мақсаты қандай?
– Келесі кездесуімізді Алматыда «Қайратқа» қарсы өткіземіз. Олар да өте мықты команда. Биыл бас жүлдеден дәмелері зор. Бірақ, ол жақта да жанкүйерлеріміздің қолдаулары жақсы болады деп үміттенемін. Қазір команда Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Мен ұлттық құрамамыздың ойынынан кейін қосыламын. Негізі, әр кездесуде жеңіске жетіп, ұпай алып отырсақ деген мақсатымыз бар. Команда енді ғана Бірінші лигадан оралды. Соған қарамастан өз мықтылығымызды дәлелдеп келеміз. Ары қарай да бізге сәттілік жолдас бола береді деп сенемін.
– «Қайсарды» биыл алаңға команда капитаны ретінде бастап шығып жүрсіз? Капитандықты сізге табыстау бас бапкердің шешімі ме, әлде футболшылар таңдады ма?
– Капитандық маған өздігінен келді десем де болады. Өзім біраз жыл түзде ойнағаныммен туған жерім Қызылорда, алғашқы командам «Қайсар» ғой. Командаға қайта оралғанда бас бапкер «өзіңнің түлеп ұшқан командаң, жігіттердің арасындағы тәжірибелілерінің бірі де өзіңсің, сен капитансың», - деп сенім білдіріп, капитандықты маған табыстады. Командадағы жігіттер де қолдай кетті. Сөйтіп, футболшыларды алаңға бастап шығып жүрмін.
– Биыл қысқы маусымаралық үзіліс кезінде «Қайсардан» басқа тағы қандай командалардан ұсыныстар болды?
– Туған командама бұрыннан қайта оралуды көздеп жүретінмін. Бірақ әрдайым реті түспей қала беретін. Биыл командаға қайта ораламын деп нық шешімге келдім. «Қайсарға» көмектесіп, қызылордалық командамен бірге жетістіктерге жетуді көздедім. Ал жалпы, басқа клубтардан да орын табылар еді. Бірақ, таңдауым «Қайсар» болғаннан кейін оның барлығын ендігәрі талқылап жатудың қажеті жоқ шығар.
– Чемпионаттың алғашқы үшінші турынан кейін қай командалардың ойындары сізді таңғалдырып жатыр?
– Қазір қандай да бір команданың ойындарына баға беру ерте. Кейбір командалар әлі бабына келе алмай жатыр. Оның үстіне, көктемгі футбол әрқашан осындай тосын сыйларға толы болып жатады. Меніңше, командалардың әлеуеттеріне ел чемпионатының бірінші айналымынан кейін тоқталған дұрыс сияқты.