Вернуться к списку статей

Арандатушыларға құлақ аспа, Елдос...

Футбол
2K
Елдос Ахметов – оң қапталда. Фото: fckairat.com
Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында екінші турдың ойындары аса қызықты өтті. Жеңіске жететіндеріне көпшілік күмән келтірмеген клубтар ұпай жоғалтты.

«Қайсар» – «Тараз» – 2:1

Әзірше, «Қайсардың» айдарынан жел есіп тұр. Биылғы маусымды өз алаңындағы ойындармен бастады. Әрі қарсыластары да жеңуге болатындай командалар еді. Мұндай тамаша мүмкіндікті Қызылорда клубы қалт жіберген жоқ. Екі қарсыласын да ұтып, премьер-лигада көш бастады.

Бас бапкері былтыр Атырауда қазақ футболының ыстығы мен суығы қандай болатындығын көріп, оңы мен солын ажыратып қалған. Маусым аралығында команда құрамына келген легионерлері сенімді ақтай бастады. Кешегі Саиджи Нтибазонкизаның соққан добын айтсаңызшы. Алыстан шірене теуіп, гол соғып, жеңісті жұлып әперді.

«Тараз» тырысып жүр. Премьер-лигаға кеш қосылды. Жазаға тартылған «Алтайдың» орнын басты. Лайықты деңгейде әзірленіп, дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде өткізе алмаған сияқты. Құрамын да тығылтаяң жасақтады. Әйтсе де, жанталасып, намысты қолдан берер емес. «Көш жүре түзеледі» дегендей, әлі-ақ көсіле шабар...

«Ертіс» – «Астана» – 1:1

«Ертіс» маусым аралыңында былтырғы ойыншыларының көбісінен, әсіресе легионерлерінен айырылып қалған. Әрине, басты себеп қаржы мәселесіне тіреледі. Өткен маусымның соңында бұл команданың ойыншылары жалақыларын уақытында ала алмай жүрді. Сондықтан биыл команда құрамын қайтадан жасақтауға мәжбүр болды.

Былтырғы құрамынан алаңға, әрі кетсе үш ойыншы бірінші минуттардан бастап шығып жүр. Қалғандары – биыл келген футболшылар. Бұл дегеніңіз, команданың ойын өрнегі әлі үйлесіп кете қойған жоқ. Ел чемпионатының бірінші турында «Ақжайықты» әзер жеңді. Екінші турда «Астанамен» тең түсті. Әлеуетін әлі толық жүзеге асыра алмай жүрген де сияқты.

«Астана» болса, ойыншыларын оңды-солды жалға беріп, өздеріне өте керек футболшыларды ғана алып қалды. Себебі, бюджет мәселесі әлі күрмеуі күрделі түйін болып тұрғандай... Қосалқы құрам орындығында деңгейі (әлде жалақысы деген дұрыс па...) жоғары ойыншыларды ұстап отыруды қалталары көтермейтіндей.

Бірақ шағын ғана құраммен Қазақстан чепионатында ойран салу мүмкін болмай тұр. Екі ойында бір-ақ ұпай еншіледі. Жеңіс тұрмақ, гол соғудың өзі мұң болып жүр. Абырой болғанда, Павлодарда Серікжан Мұжықов бір гол соқты. Шабуылшылары әлі қақпаны дәл көздей алар емес...

«Қайрат» – «Оқжетпес» – 2:2

Былтыр ғана «Қайрат» Алатау бөктерінде «Оқжетпесті» жүндей түтіп, үстемдік танытып жүрген. Биыл қайратын өткізе алмай, қылышын тасқа ұрды. Яғни екі ұпайдан айырылып қалды. Әрине, өздері кінәлі. Көкше клубы ойыншыларына көп мүмкіндік беріп қойды. Қонақтар шабуылға да жиі шықты, Плотниковтің қақпасына соққы да бағыттады.

Әрі былтыр Алматыдағы екі ойында 11 гол жіберіп алып, салу суға кеткен «Оқжетпестің» қақпашысы Саша Стаменкович те бұл жолы намысқа жүгініп, бар шеберлігін паш етті. «Қайрат» футболшыларының бірнеше қауіпті соққысын тойтарып, жігерлерін құм қылды.

Оның үстіне, «Қайраттың» оң қапталдағы қорғаушысы Е.Ахметов сегіз минуттың ішінде екі рет ескерту алып, екінші таймның басында алаңнан қуылды. Осы ойыншыны кейбіреулер «асықтырып» жүрген де сияқты. Арандатушыларды айтамыз. Елдос соған көңіл бөліп, күйгелектеп жүргендей ме? «Сабырлық сақтап, өз әлеуетіңді көрсетуге тырыс» дегіміз келеді.

«Ордабасы» – «Атырау» – 1:1

Бірінші турда құйындай орап соғып, ел чемпионын тас-талқан қылған «Ордабасы» кеше әупіріммен бір ұпайды қанағат тұтты. Төл біріншілігіміз басталмай жатып, тоғыз ұпайынан айырылған, бірінші турда оңбай ұтылған, кежегесі кейін тартқан «Атырау» клубына шамасы жетпеді.

Негізі, шамасы жететіндей-ақ сияқты еді. Бірақ тактикалық тұрғыда жаза басты ма, әлде бірінші жеңістеріне тояттап қалды ма, белгісіз... «Ордабасы» былтыр да осылай ойнап еді. Бірда азуы алты қарыс «Қайратты» жеңіп кетсе, енді бірде көш соңындағы «Тараздан» ойсырай ұтылып қалған...

Айтпақшы, тағы бір көңіл аударарлық жәйт, «Ордабасы екі ойында алаңға 18 ойыншы шығарды. Аз емес сияқты. Құрамын биыл ғана толықтай дерлік, қайта жасақтауға мәжбүр болып, қай ойыншының тактикалық ұстанымы мен ойын өрнегін үйлестіруге сәйкес келетіндігін ажырата алмай жүрген команда болса, бір жөн... Қысқаша айтқанда, тұрақтылық жетіспейтіндей...     

«Тобыл» – «Ақтөбе» – 0:0

Бірінші турда асау толқындай толқыған «Тобыл» да екінші ойынын жоғары деңгейде өткізе алмай, “жағаға” ұрылды. Әлде «Ақтөбе» Алматыдағы матчтан кейін екпін алып, қарқынын үдетті ме? Мұны да теріске шығара алмаймыз. Бұл болжам-долбарларымыздың жауабын екі команда алдағы турларда нақтылай түседі деп ойлаймыз.

Жалпы, «Тобыл» биылғы маусым аралығында құрамын мейілінше күшейтіп алды. Жүлделі орынға таласа алатындай әлеуеті бар сияқты. Тәжірибелі ойыншылары жеткілікті. Ендігі мәселе – нәтижелі ойын өрнегін көрсету. Бұл тұрғыда, бас бапкері жігіттерін жігерлендіре ала ма?.. “Балапандарды” күзде санаймыз...

Ал «Ақтөбе» алғашқы екі турда да көпшілік көңілінен шықты. Екі ойынды да түзде азулы командалармен өткізді. Бірінші турда бір доп айырмасымен ғана ұтылды. Екінші турда бір ұпай олжалады. Үшінші қарсыласы – «Ордабасы». Бірақ өз алаңында ойнайды. Көрейік, «ер кезегі – үшке» деуші еді ғой, қазекем...

«Ақжайық» – «Шахтер» – 3:1

Бұл турда «Ақжайық» көпшілікті таңқалдырды. Өз алаңында «Шахтерді» шалып жықты. Ойын басталған бетте «есеңгіретіп» алды да, сол күйі ес жиғызбай тықсырып, өз-өзіне келуіне мүмкіндік бермеді. Легионерлері жарап тұр. Сенім үдесінен шығып, үміттерін ақтап келеді.

«Шахтердің» аяқ алысы көңіл көншитіндей деңгейде емес. Басты бәсекелестерімен өткен екі ойында бір-ақ ұпай еншіледі. Биыл премьер-лигадан екі команда түсіп қалып, үшіншісі (10-орынға ие болғаны) «Өтпелі матчта» додаға түсетінін, қазірден бастап естеріне түсіру керек сияқты.



Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика