Вернуться к списку статей

Кубок додасы – ел футболын дамытудың ұтымды жолы

Футбол
2K
Тараз Бауыржанды осылай қарсы алған... Фото: fctaraz.kz
Кеше еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының реми сайты Қазақстан кубогының електік додасына қатысатын клубтарды жариялады.

Қазақстан, Англия, Германия...

ҚР Кәсіпқой футбол лигасының реми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан кубогының електік додасына тоғыз команда қатысады. Оған 1/8-финалынан қосылатын премьер-лигадағы 12 клубты қосамыз. Сонда, бәрі – 21 команда...

Бұл тым аз сияқты. Мысал ретінде айтайық, 2008/2009 жылдар маусымында Англия кубогына қатысқан командалар саны – 762. Бұл осы елдегі рекордты көрсеткіш екен. Осы елдің алты лигасының командалары кубок додасына қатысады екен. Бір ғана талап, стадионы болуы керек.

Ал Германия кубогынан түсетін пайда да әжептәуір көрінеді. Бүгінде жалпы жүлде қоры – 38 миллион еуро. Кубокты жеңіп алған клуб телетаратылымның өзінен бонус ретінде 2,5 миллион еуроа алады екен. Ал екінші сатысына шыққан клубтарға 220 мың еуродан, үшіншісіне іліккендерге 450 мың еуродан тиеді екен. Осылай кете береді...

Бір әттеген-айы... 2008 жылдан бері кәсіби клубтардың екінші командалары кубок додасына қатыса алмайды екен. Олардың құқы жоқ. Міне, біз осыны өзімізге үлгі қылып алғандаймыз. Биылғы ел кубогына “Қайрат А”, “Шахтер-Болат” және “Байқоңыр” командалары қатыса алмайды.

Себебі бұл командалар “Қайрат”, “Шахтер” және “Қайсар” клубтарының, яғни бір заңды тұлғаның құрылымдарына кіреді. Германияны қойшы, оларда команда көп. Әрі жоғарыда атап өткеніміздей, алғашқы сатыдан өтсе, оларға ақша да бөлінеді.

Ал бізде ше? Германиядағыдай бірінші бундеслигадан 18, екіншісінен де 18, ал үшінш лигадан 4 үздік команда қатысып, қалған 21 орын аймақтық додалардың жеңімпаздары болған әуесқой командаларға ұсынылып отыр ма?!

Кубок додасының арқасында көтерілгендер

Кезінде КСРО тұсында да кубок додасына қатысатын клубта саны көп, ауқымы кең болатын. 1957 жылға дейін алты эшелондағы (топтағы) командалар ғана емес, денешынықтыру ұжымдарының өкілдері де (командалары да) қатысатын.

Әрі көптеген елдерде ел кубогын жоғарғы тобының емес, бірінші лигасының командасы жеңіп алған жылдар көп болған. Мәселен, 1969 жылы КСРО кубогын бірінші лигадағы «Карпаты» (Львов) клубы жеңіп алған. Сол жылы тіпті екінші лигаға түсіп қалуы керек болатын. Бірақ Кеңес Одағы кубогын жеңіп алғаннан кейін бірінші лиғада қалтырылған.

Ал екінші лигадағы «Таврия» (Симферополь) 1987 жылы КСРО кубогының жартылай финалына дейін жетіп, Харьковтің «Металлист» командасынан тек пенальтиде ұтылған. Кейіннен осы екі команда да ерен жетістіктерге қол жеткізді.

Дат...

Біз неге ел кубогының қанатын кеңейтіп, жаймаймыз? Неге әр облыстың чемпиондарын, жеңімпаздарын, үздік клубтарын қатыстырмаймыз? Өздеріңіз көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, «Астана» немесе «Қайрат» Жетісайға, Жаңаөзенге, Балқашқа немесе басқа шалғайдағы аудан орталықтары мен шағын қалаларымыздың біріне барса, қалай болар еді?

Ел-жұрт, бала-шаға дүрлігіп, бұл үлкен мерекеге айналмас па еді? Жақын маңдағы ауылдың қарасирақтары да келіп, Африка кубогының үздік ойыншысы Джуниор Кабанангадан қолтаңба алып, бойы сырықтай Жарко Марковичтің жанына тұрып, суретке түсіп, мәре-сәре болмас па еді?!

Бауыржан Исламхан, Серікжан Мұжықовтармен шүйіркелесіп, бір ауыз сөздеріне қанатанып, футболға деген махаббаттары өрши түспес пе еді?! Ел кубогына қатысу үшін шалғайдағы аудан орталықтарында стадион салу мәселесі де қолға алыну мүмкін ғой...

Ал біздің теп-тез өткізе салғымыз келетін сияқты. Тоғыз команда арасында електік турнир, одан кейін бірден – 1/8 финалы. Тым болмаса, 1/16 финалынан бастауға шамамыздың жетпегені ме?! 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика