Жақында «Тобыл» футбол клубы Украина қақпашысы Дмитрий Непогодовпен келісімшартқа отырды. Ол – аса тәжірибелі қақпашы. 2006-2009 жылдары Францияның «Олимпик» командасы құрылымында болған. 2008 жылы осы клубтың үшінші қақпашысы болып, Стив Манданданың “көлеңкесінде” біраз отырған.
2005-2008 жылдар аралығында Украинаның жасөпірімдер (U-17 және U-19), жастар (U-21) құрамалары сапында 10 ойын өткізіпті. Қостанайға «Ворскла» клубынан келді. Бойы – 198 см, салмағы – 92 келі.
Сөйтіп, ол дәл қазір Қазақстан чемпионатындағы екінші легионер-қақпашы болып отыр. Біріншісі ретінде «Оқжетпес» клубының голкипері Саша Стаменковичті (Сербия) атап өте аламыз. Ол қазақ додасына былтыр келген.
Жалпы, Қазақстан премьер-лигасындағы қақпашыларды үш топқа (санатқа) бөлуге болады. Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты деп емес, әрине. Сонымен қақпашылардың «Үш тобы» – жергілікті қақпашылар, кірме қақпашылар және легионер қақпашылар.
Біріншісіне жататындар:
Алмат Бекбаев («Ордабасы»), Самат Отарбаев («Ақтөбе»), Нұрболат Қалменов («Ақжайық»), Стас Покатилов, Владимир Плотников (екеуі де – «Қайрат»), Александр Мокин («Астана»), Давид Лория («Ертіс»), Сергей Бойченко («Ордабасы»), Станислав Павлов («Тобыл»), Александр Петухов (?), Владимир Логиновский («Тобыл», «Қайсар»), Ярослав Багинский, Игорь Шацкий (екеуі де – «Шахтер»), Денис Төлебаев («Ақжайық»), Кирилл Короткевич, Андрей Шабанов («Жетісу», «Ақжайық»), Андрей Пасеченко («Атырау»), Рамиль Нұрмұхаметов (?), Роман Багаутдинов («Ақжайық»), Джурахон Бабаханов («Оқжетпес»), Михаил Голубничий («Оқжетпес»), Дмитрий Колбунцов («Алтай) және Антон Цирин («Қайсар», Өзбекстанда туғанымен, бес жасынан бастап Қазақстанда тұрады):
Екіншісі, Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің намысын қорғағандар:
Андрей Сидельников (ұлттық құрама, «Ақтөбе»), Ненад Эрич (ұлттық құрама, «Астана»), Роман Нестеренко (ұлттық құрама, «Қызыл-Жар»), Жасур Нарзикулов (ұлттық құрама, «Атырау»), Сергей Ткачук (Қазақстан U-21, «Шахтер»), Александр Григоренко (Қазақстан U-21) және Вячеслав Котляр (Украина, біздің елде 2007 жылдан бері, ешбір құрама сапында ойнаған жоқ)
Үшінші топ, таза шетелдіктер:
Саша Стаменкович (Сербия, «Оқжетпес»), Дмитрий Непогодов (Украина, «Тобыл»)
* Фотолар fca.kz сайтынан және vk.com/ofc_aktobe парақшасынан алынды.