Вернуться к списку статей

Еркебұлан Сейідахмет “Зениттің” жаттығу жиынына кетті

Футбол
2K
Еркебұлан Сейідахмет Гранаткин турнирінде көпшілікті сүйсіндірді. Фото: granatkin.com
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейідахметті Ресейдің «Зенит» клубы шақыртып, жас футболшы сынақтан өтуге баратын болды.

Еркебұлан Сейідахметтің «Зенит» клубының жас футболшылармен жасақталған қосалқы құрамына шақыртылғаны жайлы қуанышты хабар бүгін түске дейін тараған. Сүйінші сұрап, ақпарат таратуға асыққан отандық басылымдар аз болған жоқ.

Біз бұл жаңалықты Еркебұланның өз аузынан естиік деп, әліптің артын тостық. Мұның сәті тек кешке ғана түсті. Бірақ көп тілдесе алмадық. Тек Ресейдің «Зенитінің» өздері шақыртқанын білдік.

«Зенит-2» қазір – Кипрде. 10-25 ақпан аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Игорь Симутенков бастаған бапкерлер алқасы бұл жиынға 17 футболшы әкетіпті. Бірақ бірнеше жас футболшыны сынақтан өткізетіндіктерін мәлімдеген.

Кипрдегі жаттығу жиындарына шақырған жас футболшыларының бірі біздің Еркебұлан болып отыр. Олар қазақтың жас шабуылшысын жақында ғана Санкт-Петербургте өткен «Гранаткин мемориалы» турнирінде байқап қалып, көздері түскен.

Естеріңізге сала кетейік, аталған доп додасында Қазақстан U-19 құрамасы екінші орынға ие болып, Е.Сейідахмет «турнирдің үздік шабуылшысы» атанған болатын. Біз өз кезегімізде Еркебұланға ақ жол тіледік. Қазақта «тастай батып, судай сіңіп кет» деген сөз бар. Жас шабуылшымыздың жолы болып, бағы жанып кетуіне тілектеспіз. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика