Вернуться к списку статей

Мұрат Тілешев неге өзінің "туған командасы" "Таразды" емес, Семейдің "Алтайын" қолдайды?

Футбол
2K
Мұрат Тілешев
Қазақстан футболының үздік сұрмергендерінің бірі, еліміздің үш дүркін чемпионы, Тараз футболының түлегі Мұрат Тілешев өзінің туған қаласының командасын емес, Семейдің «Алтайын» қолдайтынын ашық білдірді.

Қазақстан футбол федерациясы мен «Алтай» футбол клубы арасындағы «соғыста» сұрмерген семейліктерді жақтайды екен. Мұрат Тілешевтің ойын Астана қаласының әуесқой чемпионатында өнер көрсететін «Достар» командасының инстаграмдағы парақшасы жеткізді.

–     Құрметті достар! Менің Жамбыл футболының түлегі екендігімді бәрі де біледі. Таяуда Қазақстан футбол федерациясы «Алтай» мен менің туған командам «Тараздың» орнын алмастырды. Осылайша Шығыс Қазақстан облысының командасын Бірінші лигаға жіберіп, оның Премьер-лигадағы орнын «Тараз» басты. Былай қарасаң, менің туған жерімнің жанкүйерлері үшін жақсы жаңалық. Өйткені, «Тараз» енді еліміздің ең мықтыларымен кездеседі. Бірақ, бұл өзгеріске қуана алмай отырмын. Керісінше, ащы дәмін сезініп тұрмын. Мен Премьер-лигада «Алтай» ойнауы тиіс деп есептеймін. Андрей Карповичтің командасы бұл абыройлы міндетке өз күштерімен қол жеткізді. Алдымен Бірінші лигада екінші орынды иемденіп, електік кездесуде нақ осы «Тараздан» мықты екендіктерін дәлелдеді. Сондықтан, спорттық тұрғыда Премьер-лигада менің «Таразым» емес, «Алтай» ойнауы тиіс. Ал Ваит Талгаев сынды бапкері бар «Тараз», мен сенімдімін, биыл-ақ Премьер-лига жолдамасын жеңіп алады. Бірақ олар бұл құрметті орынға спорттық принциппен қол жеткізуі тиіс. Сондықтан, «Достар» клубындағы достарыммен «Алтайды» қолдауды жөн көрдік. Айтпақшы, «Достар» сапында жамбылдық жігіттер жетерлік. Олар да мен секілді Премьер-лигада «Алтай» ойнауы тиіс деп есептейді. Алға, «Алтай»!, - деп көпшілікке үндеу арнады Мұрат Тілешев. 

Міне, осылайша тараздық Мұрат Тілешев өзінің туған қаласының командасын емес, Семейдің «Алтайын» қолдауды жөн көрді. Бір қызығы, сұрмерген ешқашан Шығыс Қазақстан облысының «Алтайында» да, «Востогында» да ойнамаған.

Айта кетейік, өткен жылдан бері «Достар» әуесқой командасының намысын қорғап келе жатқан Мұрат Тілешев Астана қаласының биылғы біріншілігінде 10 ойыннан кейін 23 гол соғып, сұрмергендер тізімін бастап келеді. Ал оның командасы «Достар» турнир кестесінде 2-орында.

Астана біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар!

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика