Айта кетейік, ФИФА футзалдан ұлттық құрамалардың ресми рейтингін жүргізбейді. Сондықтан, мамандардың барлығы futsalworldranking.be сайтының мәліметтеріне жүгінеді. Рейтингте 116 Федерацияның ұлттық құрамасы бар.
Аталмыш рейтингте Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылдың желтоқсанында да 9-орында тұрған. 2017 жылы жерлестеріміз «Еуро-2018» іріктеу турнирін қабылдап, Алматыда өткен мини-турнирде 1-ші орынмен «Кәртамыс құрлық» додасының финалдық кезеңіне жолдама алған. Сондай-ақ, Тайланд және Иран елдерінде өткен коммерциялық турнирлерге қатысты. Командамыз осы жылы барлығы 11 ойын өткізіп, алты кездесуде жеңіске жетсе, үш матчты тең аяқтап, екеуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан.
Енді 2018 жылы бас бапкер Какау бастаған бас командамызды қаңтардың соңы мен ақпанның алғашқы аптасында Словения астанасы Люблянада өтетін Еуропа чемпионаты күтіп тұр. Қарсыластарымыз Ресей мен Польша құрамалары. Алғашқылары әлемдік рейтингте 3-орында тұрса, поляктар 30-шы сатыда.
Жалпы, әлемдік рейтингте ең үлкен прогресс жасаған команда – Мьянма. Былтырғы маусымды 100-сатыда аяқтаған олар бір жыл ішінде 29 орынға көтеріліп, 2017-ні 71-ші орынмен қорытындылаған. Ал ең қатты регресс Қытайдың еншісінде екен. Бір жыл ішінде 22 сатыға төмен құлдилаған шығыстағы көршілеріміз рейтингте 73-ші орынға бір-ақ сырғыған.
Үздік ондықта өткен жылмен салыстырғанда аса үлкен өзгешелік жоқ. Тек былтыр 5-орында тұрған Италия ғана Иранмен орын алмасқан екен.
Футзалдан ұлттық құрамалардың 2017 жылғы рейтингі
1. Бразилия - 1 931 ұпай;
2. Испания - 1 878;
3. Ресей - 1 740;
4. Аргентина - 1 683;
5. Иран - 1 625;
6. Италия - 1 607;
7. Португалия - 1 600;
8. Украина - 1 500;
9. Қазақстан - 1 488;
10. Әзірбайжан - 1 452.