Нақтырақ айтқанда, Тринидад және Тобаго қорғаушысы Шелдон Батоның жлға берілген мерзімі ұзартылған. Бұл ақпаратты championat.com басылымы мен «Крылья Советов» клубының ресми сайты жариялады. Ал Алматы клубы әлі ешқандай ақпарат таратқан жоқ.
Ресейліктер таратқан бұл ақпараттың тұзы татитын сияқты. Себебі биылғы маусым аяқталысымен «Қайрат» құралайды көзге атқан сұрмергені Жерар Гоумен бірге Жарко Маркович және Сесар Арзо сынды орталық қорғаушыларын елдеріне қайтарған. Енді Бато кетсе, қорғанысының ортасы үңірейіп қалар да ма еді?!
Оның үстіне, «Крылья Советов» клубының селекция бөлімін басқаратын Зураб Циклаури ағынан жарылған:
– Футболдан ұлттық лигада (Ресейдің 1-лигасы) легионерлерге қатаң шектеу қойылған. Сондықтан біз екі клубты да, футболшыны да қанағаттандыратын мәмілеге, яғни қорғаушыны «Қайратқа» жалға беру мерзімін ұзартуға тоқталдық, соған мәжбүр болдық. Шелдон – жақсы ойыншы. Әрі «Қайратта» да тәп-тәуір ойнап жүр. Біз оны назарымыздан тыс қалдырмаймыз, әрі үнемі байланыста боламыз. Оның одан әргі карьерасының жалғасына алдағы жазда қайта ораламыз.