Вернуться к списку статей

Владимир Мухановқа "Ақтөбеде" тағы бір мүмкіндік берілмек

Футбол
1K
Владимир Муханов «Ақтөбеде» қалады
Бұл ресми ақпарат емес. Клубтың ресми сайты да, облыс әкімдігі де бұл туралы әлі ешнәрсе жариялаған жоқ. Дегенмен, бізге жеткен мәліметтер бойынша, «ақтөбелік» жанкүйерлердің «Батясы» командада кем дегенде тағы жарты маусым қалатын сияқты. Енді пентакампеондарда не өзгереді?

Кеше Ақтөбеге келген Владимир Муханов түстен кейін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен кездесіп, ұзақ әңгілесіпті. Кездесудің қорытындысы бойынша, бас бапкер команданы тағы бір жыл жаттықтыратыны туралы шешім шығарылған. Естеріңізге сала кетейік, «Ақтөбеге» 2017 жылдың мамырында келген Владимир Васильевич клубпен 2018 жылдың соңына дейін келісімшартқа отырған.

Владимир Мухановты «Ақтөбе» жанкүйерлерінің «Батя» дейтіндей жөні бар. Алғаш 2006 жылы клубқа келген ол жеті жыл ішінде команданы жүлделі орындардан түсірген жоқ. Бірінші маусымда «Ақтөбе» Қазақстан Премьер-лигасының вице-чемпионы атанды. Одан кейін қатарынан үш жыл чемпион болып, 2010 жылы қайта күміспен күптелді. 2011 және 2012 жылдары қолаға қол жеткізді. Бұдан бөлек, 2008 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алып, 2008 жыне 2010 жылдары Суперкубогын иеленді. Міне, сондықтан, осындай жетістіктері бар бас бапкерге құрмет ретінде «ақтөбелік» фанаттардың бәрі болмаса да, басым бөлігі оны әлі күнге «Батя» дейді.

Ол кездегі «Ақтөбенің» ойын өрнегі мүлдем бөлек еді. Шабуылы оқтай, пастары «тики-така» болатын. Әр қапталына ойыншыларды «жүздің» арасынан іріктеп таңдап, тек қалаулыларын ғана командаға алатын. Бременде «Вердердің» қақпасына үш гол соғып, сол кездері Голландияда үздіктердің бірі болған «АЗ Алкмаар» командасын тізерлеткен де осы Владимир Мухановтың «Ақтөбесі» еді.

Дегенмен, соңғы екі маусым «Ақтөбе» үшін сәтті болмады. Рас, 2016 жылғы футбол маусымына Мухановтың қатысы жоқ. Ол кезде клубты кейін істі болған Дмитрий Васильев, ал команданы ресейлік маман Юрий Уткульбаев жаттықтырған. Муханов командаға 2017 жылдың мамырында келді. Бұған дейін «Оқжетпестің» тізгінін ұстаған. Бірақ, Көкшетаудан жақсы болып кеткен жоқ. Владимир Васильевич кетіп бара жатқанда «көкшеліктер» 10-шы орында тұрды. Ал «Ақтөбе» 11-ші орында болды. Маусым соңына дейін «Ақтөбе» 9-орынға көтеріліп, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.

Соған қарамастан Мухановтың жұмысына наразы жанкүйерлер де аз емес. Олар Владимир Васильевичтің бұрынғы «Ақтөбесін» сағынып жүр. Ал келесі маусым қалай болар екен? Ұзынқұлақ «Ақтөбе» чемпионатты –9 ұпаймен бастайды деп жатыр. Естерін жия алар ма екен?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика