Вернуться к списку статей

"Ордабасының" жаңа қожайындары Бақтияр Байсейітовті президенттіктен алып тастады

Футбол
1K
Бақтияр Байсейітов “Ордабасы» футбол клубының президенттігінен кетті. Енді оның артынан жаңа жылдан кейін команданың бас бапкері Алексей Петрушин де қызметінен босауы мүмкін.

Бақтияр Байсейітов «Ордабасыға» 2015 жылы бас бапкер ретінде келген. Сөйтіп, қатарынан екі жыл шымкенттіктер ел чемпионатында 4-орыннан көрінді. Ал биыл маусым басында Байсейітов клуб президенті болып тағайындалып, бас бапкерлікке ресейлік Алексей Петрушинді бекітті. Айта кетейік, «Ордабасы» биыл тұңғыш рет өз тарихында Премьер-лиганың қола жүлдегері атанды. Дегенмен, еурокубокте команда өте нашар өнер көрсетіп жатты. Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінен де аса алған жоқ.

Осы себеп бар, басқа да жағдайлар бар, Байсейітовтің басқаруына жанкүйерлердің көңілдері толмаған кездер аз емес. Былтырлары стадионнан «Бақтияр кет!» ұрандатқан топтар көп болған. Ал биыл футболшылар төрт ай бойы айлықтарын ала алмай, қараша айында ел чемпионатының соңғы турларына қатысудан да бас тартқан. Қолымызда бар ақпараттарға сүйенсек, команда мүшелері әлі де жалақыларын толық алып біткен жоқ.

– Клубқа жаңа қожайындар келді. Мен оларға сұрақты төтесінен қойып, «маған 3-4 клубтан ұсыныс түсіп жатыр, сендерге керекпін бе, жоқ па?» деп сұрадым. Олар мені түсінді. Сөйтіп, клубпен жолымыз екіге айрылды. Әзірге қайда барарымды құпия ұстаймын. Жақында бәрін білесіздер. Негізі жаңа басшылық асықпауымды сұраған. Бірақ мен кетуді дұрыс көрдім, - деді бізге Бақтияр Даниярұлы.

– Жаттықтырушылар алқасы команда да қала ма, әлде олар да сізбен бірге кете ме?

– Жаңа басшылық жаңа адамдаремн жұмыс істеуді жөн көретін шығар. Барлығын өздері шешеді. Менің енді бұған қатысым жоқ.

Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, жаңа қожайындар «Ордабасыны» жаңа белеске шығарып, биылғыдай қаржы проблемасының қайталанбауын қатты қадағалайтын болады екен.

Ал маусым алдындағы алғашқы оқу-жаттығуына клуб 7 қаңтарда жиналуы керек. Команда маусымға дайындықты Түркияда Жерорта теңізінің жағалауында бастамақ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика