Вернуться к списку статей

ФИФА рейтингісі – Баймұхамедовтен Бородюкке дейін

Футбол
1K
ФИФА рейтингі. Баймұхамедовтен Бородюкке дейін
Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингіндегі ең үлкен жетістігі 98-ші орын екен. Екі рет үздік жүздіктен көрінгенбіз. Бірі Азияда жүргенімізде, екіншісі өткен жылы. Ал ең төменгі көрсеткішіміз – 163-орын.

1994-2017 жылдар аралығы

КСРО ыдырап, өз алдына егеменді ел болғанымызбен ФИФА құрамына тек 1994 жылы ғана қабылдандық. Оған дейін 1992 жылы әртүрлі бейресми халықаралық турнирлерге қатысумен шектелсек, 1993 жылы бірде-бір жолдастық кездесу өткізген жоқпыз. Ал ФИФА рейтингі біздің көрсеткішімізді өздеріне мүше болғаннан бастап есепке алды.

Рейтингтегі көрсеткіштерімізге келер болсақ, ең сәтті маусымдар 2001 және 2016 жылдар екен. Иә, бұл жылдардағы бас командамыз сербтерді 2:1 есебімен жеңген жоқ немесе Брюссельде Бельгиямен тең түспедік. Дегенмен, дәл осы жылдары ұлттық құрамамыздың рейтингі өте жоғары болып, үздік жүздікке кірген екенбіз. Екеуінде де ұлттық құрамамызды отандық мамандар жаттықтырған.


2001 жыл. Әлі Азиядамыз. 2002 жылғы Әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салдық. Мундиальға бару мүмкіндігіміз жаман емес-ті. Алайда, Иракпен екі ойында да тең түсіп, өз тобымыздан шыға алмадық. Сол жылы Вахид Масудовтың шәкірттері жеті ойын өткізіп, жетеуінде де ұпай алған. Төрт ойында жеңіске жетсе, үшеуінде тең түскен. Жыл қорытындысы бойынша, ФИФА рейтингінде 98-ші орынға тұрақтадық.

Одан кейін үздік жүздікке өткен жылы Талғат Байсуфиновтың кезінде кіріп, тағы да 98-ші орынға көтерілдік. Алдымен міндетін атқарушы ретінде жолдастық кездесулерде сәтті ойнап, Әзірбайжан мен Қытайды жеңген, оның ортасында Грузиямен тең ойнаған Талғат Маруанұлын ҚФФ бас бапкер ретінде бекітіп, 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасына салып жіберді. Жалпы, былтыр бас командамыз екі ойында жеңіске жетсе, үшеуінде тең түсіп, тағы үшеуінде ұтылып қалған. Бірақ, қырғыздардан 0:2 есебімен жеңілгенімізді ФИФА есептеген жоқ. Нәтижесінде, 2016 жыл ұлттық құрама тарихындағы ең сәтті маусымдардың бірі болды. Тіпті, қыркүйек айында 83-орынға да өрлегенбіз. Егер Копенгагенде Даниядан ұпай ала білгенімізде үздік 80 елдің қатарында болар едік.

Ал ФИФА рейтингіндегі ең төменгі орнымыз 1995 жыл екен. Ол кезде бас командамыз жыл бойы демалып, тек желтоқсан айында ғана араб елдеріне барып, екі жолдастық кездесу өткізіп қайтты. Алдымен Кувейтпен тең түсіп, екіншісінде Сауд Арабиясынан 0:3 есебімен жеңіліппіз. Осылайша жылды 163-ші орынмен қорытындылаған едік. Дегенмен, рейтингтегі орнымызға бұл екі ойынның аса үлкен әсері болған жоқ. Негізінен 11 ай бойы ойынсыз жүргеніміз үшін осылай төмен құлдилаған едік.


2017 жыл

Ақпан айында Талғат Байсуфиновтен тізгінді «тартып әпергенде» ұлттық құрамамыз әлемдік рейтингте 96-шы орында тұрған. Бородюк келді де, бір жылдың ішінде 137-орынға бір-ақ түсірді. Рас, наурыз айының басында бірде-бір ойын өткізіп үлгермегеніне қарамастан бас командамыз 94-орынға көтерілгенде ресейлік маманның келуін жақсылыққа жорыған едік. Ерте қуаныппыз. Жеті ойынның алтауында жеңіліп, біреуінде ғана тең түскен Бородюк Қазақстан ұлттық құрамасын ТМД елдерінің ең әлсізі етті. Тәжіктер мен қырғыздарды айтпағанда, Комор аралдары, Свазиленд, Суринам сынды командалардың өздері бізден жоғары.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика