Вернуться к списку статей

Ел футболын бір жыл басқарған Қаныш Әубәкіров ел есінде несімен есте қалды

Футбол
1K
Ел футболын бір жыл басқарған Қаныш Әубәкіров ел есінде несімен есте қалды
Ел футболын басқарған бір жыл ішінде Қаныш Әубәкіров көптеген даулы шешімдерімен және жанкүйерлердің ызасын келтірген бірқатар әрекеттерімен есте қалды. Сондай-ақ, оның кезінде көпшілікті дүрліктірген біраз оқиғалар орын алды. Бас хатшылықтан босауын сылтау етіп, Әубәкіров басқарған бір жыл ішіндегі ең даулы даталарды еске түсірсек.

«Алтай» Премьер-лигадан қуылып, Екінші лигадан бір-ақ шықты

2016 жылғы футбол маусымында Бірінші лигада 2-орын алып, електік ойында «Таразды» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан Шығыс Қазақстан облысының «Алтайы» Премьер-лига жолдамасын жеңіп алған. Алайда, ақпанның 3-інде шығыстықтар бірден Екінші лигаға қуылды. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, клуб құрылымында жастар және жасөспірімдер бөлімдері болмағаны үшін осындай жазаға тартылған. «Мұның барлығын орындаймыз. Бір ай уақыт беріңдер» деп байбалам салған «алтайлықтардың» жанайқайын ешкім естімеді.

«Аяғы қисы болса да...»

Маусым айында ұлттық құрамамыздың Дания футболшыларынан 1:3 есебімен ұтылып қалғаны өз алдына, бұл ойын үлкен скандалмен аяқталды. Алаңға футболшылардың қолынан ұстап шығатын 22 баланың сегізін соңғы сәтте шенеуніктердің футболға еш қатысы жоқ балаларына ауыстырып жіберген. Осы күнді армандап, тәтті қиялда жүрген №8 БЖСМОР балдырғандары көздері мөлдіреп, трибунаның астында жылап отырды да қалды.


«Бородюктің көкесі»

Қазақстан ұлттық құрамасына Александр Бородюкті тағайындағанда-ақ Қаныш Әубәкіров өзіне ауыр үкім шығарған. Бір жыл бұрын «Қайраттың» ойынын қарық қылмаған ресейлік маман бас командамызға шақырарда не ойлады екен? Не күтті? Бородюктің баптауымен ұлттық құрамамыз 7 ойын өткізіп, біреуінде ғана тең түсті. Қалғанының барлығында жеңілді. Бірақ сонда да соңына дейін бас бапкерді қолдап кетті.

«Түбі жоқ рейтинг»

Өткен жылды 98 орынмен қорытындылап, 2001 жылғы рекордын қайталаған Қазақстан ұлттық құрамасы бір жылдың ішінде 39 сатыға бір-ақ құлдилап, 137-орынға топ ете қалды. Мұның барлығы Бородюктің біліксіздігінен, сәйкесінше Әубәкіровтің бостығынан.

«Мессиді түсіңде көресің»

2017 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы бір ғана жолдастық кездесу өткізді. Ақпан айында Кипрден 1:3 есебімен жеңіліп қалғанбыз. Содан кейін бас командамыз ешкіммен спарринг өткізген жоқ. Қараша айында Лионель Месси бастаған Аргентинаны «Астана-Аренаға» шақыртпақ болып, ақша іздеген. Алайда, аргентиналықтар ешқашан қазақтармен бұл туралы келіссөздер жүргізбегендіктерін ресми мәлімдеп, өтірігімізді әшкере қылды. Айтпақшы, ұмытып барамыз. Ұлттық құрамамыз Талғарда Қазақстан-2 және жастармен жолдастық кездесулер ұйымдастырған. Бірақ, бұл туралы бір-екі ауыз сөзден басқа ешқандай ақпарат болған жоқ.


 Қараусыз қалған футзал

«Еуро-2016» додасында қола жүлдегер атанып, әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткеннен кейін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасына деген көзқарас өзгеруі керек болатын. Алайда, сәуір айында Алматыда өткен «Еуро-2018» іріктеу турнирінің қарсаңында ұлттық құрамамыз қараусыз қалды. Оқу-жаттығу жиынын шала-пұла өткізгенін айтпағанда, бас командамыз спорттық экипировкасыз қалып, қонақтардың алдында ұятты болды. Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамамыздың ойыншыларына спорттық костюм мен ойын формасын әзер тауып берді. Шынын айтқанда, қалалық әуесқой командалардың өздері футболшыларын бұдан жақсы киіндіруші еді.

«Made in Uzbekistan»

Қазақстан ұлттық құрамасы қазан айындағы ойынын өткізу үшін Бухарестке қапталында Uzbekistan жазуы бар ұшақпен ұшып барып, өз жанкүйерлеріміздің қарғысын былай қойғанда, румындардың алдында да қатты ұятқа қалды. Ал наурыз айында Армениядан 0:2 есебімен ұтылған футболшыларымыз мінген ұшақ елге қайтарда әуеге көтерілмей жатып, апатты жағдайда Ереван әуежайына қайта қонуға мәжбүр болған. Кейін белгілі болғандай, бұл ұшақ мұншалықты адам отырғызуға арналмаған екен. Көпшілік арасында Қазақстан ұлттық құрамасы Қаныш Әубәкіровтің кеңесшісі Ринат Ахметовпен байланысы бар әуеагенттігінің қызметін пайдаланады деген сыбыс бар.


«Made in Russia»

Қараша айының соңында Лондонда Қазақстан әйелдер құрамасы ағылшын аруларынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Алайда, ойыннан кейін бұл туралы емес, бас бапкеріміз Айтпай Жамантаевтың матчқа «Russia» деген жазуы бар бас киім шыққаны туралы жазып жаттық. Еліміздің әнұраны орындалып жатқанда режиссерлар бас бапкерімізді жақыннан көрсетіп, күллі әлемге масқара қылды. Сонда бас бапкеріміз намыссыз ба, әлде оны да ҚФФ спорттық экипировкамен қамтамасыз етпеді ме?

Бір жылда үш медиа-офицер

Қаныш Әубәкіровтің кезінде Қазақстан футбол федерациясы медиа-офицерге де жарымады. Әуелі өзге ұлттың өкілі болса да қазақшаға судай Оксана Лоскутова бір ай жұмыс жасап, шыдамай кетіп қалды. Одан кейін ҚФФ баспасөз қызметін Ербол Қайыров бірнеше ай басқарды. Дегенмен, көпшілікке «Идем на футбол», «Тотальный футбол» сынды бағдарламалар арқылы танылған Тимур Камашевтің рекордын жақын уақытта ешкім жаңарта алмайтын шығар. Ол бұл қызметте бар болғаны 20 күндей ғана отырып, басшылықпен келіспегендіктен кетіп қалды.

«Мейірімді» басшы

Қазақстан футбол федерациясында өзі ертіп келген қызметкерлер болмаса, Қаныш Әубәкіровтің басқа жақтастары да қалған жоқ. Бәрімен айқасып, «жауларының» барлығын қызметтерінен кетіріп тынды. Ақыр соңында кезек өзіне де келіп жетті.

Иә, бірінші кезекте Қаныш Әубәкіров Қазақстан футбол федерациясының басшылығында осындай «ерліктерімен» ғана есте қалатын болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика