Оның алдына команданы келесі маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығару және Премьер-лиганы тағы бір рет жеңіп алу мақсаты қойылды. Рас, келісімшарт құжатына әлі ресми түрде қол қойылған жоқ. Дегенмен, бізге жеткен ақпарат көздеріне сүйенсек, «Астана» футбол клубының басты демеушілері де бұл бапкердің елімізде қалуын қолдап отыр. Осылайша, бір апта бойы жүргізілген келіссөздер ақыры өз нәтижесін беріп, Стойловтың агенттері мен «Астана» футбол клубының басшылығы өзара келісімге келіпті. Келісімшарт екі жылға жоспарланып отырған көрінеді. Яғни, болгар маманы команданы 2019 жылдың соңына дейін жаттықтырады. Ал бірінші кезектегі мәселе – «Астананы» Еуропа лигасының 1/16-финалы аясында өтетін ақпан айындағы қос кездесуге дайындау. Сондай-ақ, клуб басшылары «Спортингпен» болатын ойындарға дейін команда құрамындағы кейбір легионерлерді де алмастыруды жөн көріп отыр. Рас, клубтың ресми сайты да, баспасөз қызметі де әзірге үнсіз. Бәрі ресми рәсімделгенше, не олай, не бұлай деп айтпайтындықтары түсінікті. Алайда, сенімді ақпарат көздерінен бізге жеткен мәліметтер осындай.
Негізі, бұған дейін Стойловтың агенттері де өз сұхбаттарында ұсыныс жасалар болса, бірінші кезекте таңдау "Астанаға" түсетінін айтқан болатын. Ендеше, сенбеске себеп жоқ.
Айта кетейік, Станимир Стойлов «Астананы» 2014 жылдан бері жаттықтырып келеді. 50 жасар маман елордалықтарға төрт рет ел чемпиондығын әперіп, бір рет Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған. Сонымен қатар, 2015 жылы команданы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарып, былтыр Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жеткізген. Ал биыл «Астана» Еуропа лигасының топтық турнирінен де асып түсіп, 1/16-финалға дейін жетті. Енді команда Португалияның «Спортингімен» кездеседі.
Бірінші ойын ақпанның 15-інде «Астана-Аренада» өтсе, жауапты матч бір аптадан кейін Лиссабонда өтеді деп жоспарланған.