Станимир Стойлов «Астанаға» 2014 жылдың басында келген. 2015 жылы Чемпиондар лигасындағы команданың сәтті ойынынан кейін клубпен келісімшартын тағы екі жылға созылды. Яғни, 31 желтоқсанда келісімшарт мерзімі аяқталады. Екі-ақ апта қалды. Бізге жеткен ақпараттарға сенсек, «Астана» тарапынан әлі ресми ұсыныс түспепті. Кетіп те қалуы мүмкін.
– Он күннен кейін нақты шешімге келемін. 100 пайызға сенімді емеспін. Бірақ, мен кетуім керек. Ұсыныс көп, - депті осыдан бір апта бұрын Стойловтың өзі. Ендеше қай клубқа баруы мүмкін? Қосылыңыздар, бірге талқылап көрейік.
Қытай чемпионаты
Қазақстан сынды футболы аса қатты шарықтап кете қоймаған елдің командасын бір рет Чемпиондар лигасына шығарған, екі рет Еуропа лигасының негізгі кезеңінде ойнатып, еурокубоктың көктемгі кезеңіне жеткізген жаттықтырушыда ұсыныстың көп болуы заңдылық. Бірақ, қайда барады? Кім оған «Астанадан» артық айлық төлей алады? Ондай команда бар ма? Сөзіне қарағанда, бар шығар. Мәселен, Қытай чемпионатындағы клубтар. Осыдан екі жыл бұрынғы сұхбаттарын естеріңізге түсіріңіздерші. «Қытайдың бір клубы маған әлдеқайда артық айлық ұсынды. Цифрдағы айырмашылықты естісеңіздер, бармағаным үшін мені есі ауысқан деп ойлайтын шығарсыздар», - деген болатын сол кезде болгар бапкері. Кім біледі, қытайлықтар Стойловты екі жыл бойы күтіп, ақыры өздеріне шақырған да шығар. Алайда, Стойловтың өзі Азияның емес, еуропалықтардың ұсыныстарын қарастыратынын айтқан. Сондықтан, бұл соңғы вариант.
Қытайлық клубқа баруының пайыздық көрсеткіші – 0,5%.
«Локомотив» (Ресей)
Мәскеуліктер Станимир Стойловты былтыр шақырған. Игорь Черевченконы алмастыратын бірден бір бапкер осы Мери деп ойлады «Локомотивтің» басшылары. Бірақ ол кезде болгар бапкері «Астанада» қалатынын сенімді айтты. Ал қазір елордалық клуб пен Стойловтың арасы бұрынғыдай емес. Қазақстаннан кетіп қалуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Бірақ, Юрий Семиннің қол астына өткен «Локомотив» қазір Ресей чемпионатында қарсылас шақ келтіріп жүрген жоқ. Еуропа лигасында да сәтті ойнап жүр. Сондықтан, мәскеуліктерге дәл қазір Стойлов аса қызық емес.
«Локомотивке» баруының пайыздық көрсеткіші – 0,5%
«Фенербахче» (Түркия)
Станимир Стойлов пен «Фенербахче» арасындағы байланыс бұрыннан бар. 90-шы жылдардың басында осы командада ойнаған. 2015 жылдары да түріктер Стойловты бапкер ретінде жұмысқа шақырған. Ол кезде болгар маманы «Астанада» қалуды жөн көрді. Енді міне, «Фенербахче» тағы да байланысқа шыққан көрінеді. Мұны Станимирдің өзі де растады. Стамбулдықтар қазір Түркия чемпионатында үшінші орында. Көш басындағы «Галатасарайдан» небәрі үш ұпайға артта. Құрамында Робин Ван Перси, Матье Вальбуэна, Маурисио Исла, Роберто Сольдадо, Волкан Демирель, Мехмет Топал сынды жұлдыздар бар. Команда маусымды сәтсіз бастап, жиі ұпай жоғалта берді. Үш рет тең ойнағаны да бар. Жақында кезекті рет ұпай жоғалтқаннан кейін бас бапкері Айқұт Қоджаман қызметінен кету туралы өтініш жазыпты. Бірақ, клуб басшылары арызын қабылдамай қойған. Сондықтан, Стойлов үшін «Фенербахченің» де есігі әзірге жабық. Оның үстіне, Станимир мен Айқұт екеуі кезінде бірге доп тепкен. Сол аралықта достық орнатып та үлгерген көрінеді. Яғни, Стойлов досының сыртынан келіссөздер жүргібесі анық.
«Фенербахчеге» баруының пайыздық көрсеткіші – 5%
Қазақстан ұлттық құрамасы
«Астанадан» кетсе Станимир Стойлов Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстайды» деп жүргендер де аз емес. Бас командамызға шынымен де дәл осындай бас бапкер керек-ақ. Бұдан ұлттық құрамамыздың көрсеткіштері жақсармаса, нашарламайды. Алайда, Александр Бородюктен қалған Қазақстан ұлттық құрамасы Мериге қызық па? Әй, қайдам. «Адамдар мені Қазақстан ұлттық құрамасын да «Астана» сияқты жетістіктерге жеткізе алады деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Клубтағы жұмыс бір бөлек, ұлттық құрамадағы қызмет тіптен басқа. Ойланып көремін», - деді бұл туралы Станимирдің өзі. Дегенмен, қанша ойланса да, мұндай шешімге келе қоймайтын шығар.
Қазақстан ұлттық құрамасына баруының пайыздық көрсеткіші – 5%
«Левски» (Болгария)
«Левскимен» алдын-ала келісіп қойыпты деген сыбыстар өткен жылдың соңында да шыққан. Кезінде өзі бұл клубта доп тепкен, кейін бас бапкер ретінде қайта оралып, үш рет чемпиондықты әперген. «Левски» оның жүрегінде мәңгі қалыпты. Оны әр сұхбатында қайталап айтудан жалықпайды. Сондай-ақ, «Болгария клубтарынан тек «Левскиді» ғана жаттықтыруға дайынмын» деп айтқаны да есімізде. Сонымен қатар, «Левски» мені бос кезімде есіне де алмайды, ал бос емес кезімде шақырып жатады» дегені де бар. Станимирдің «Астанамен» келісімшарты аяқталуға жақын. Бәлкім, енді естеріне түсірер. Бірақ, дәл қазір Стойлов Софияға оралуға дайын ба? Бұған біздің күмәніміз бар. Оның амбициясы «Левскиден» де биік деп ойлаймыз.
«Левскиге» баруының пайыздық көрсеткіші – 10%
«Ростов» (Ресей)
Желтоқсанның 6-сы күні бас бапкері Леонид Кучукті қызметінен босатқан «Ростов» 10 күн болды, орнына лайықты маман іздеп жүр. Бүгін кандидаттардың арасында Станимир Стойловтың да бар екені белгілі болды. Рас, өзі бұл жайттан хабарсыз екенін айтқанымен жақсылап шақырса, Станимир Ростов-на-Донуды бетке алып, кетіп қалуы да мүмкін. Оның үстіне, мамандар да «Стойлов Ресей Премьер-лигасында турнир кестесінде тұрған үздік алтылыққа шамасы жетпейді, ал одан төмендерді жаттықтыруға қабілетті» деп жүр. Шынтуайтына келгенде, Мери «Ростовты» Чемпиондар лигасына да алып шығуға қауқарлы.
«Ростовқа» баруының пайыздық көрсеткіші – 15%
«Славия» (Чехия)
Бір-екі күн бұрын отандық спорт сайттарының бірінде Станимир Стойловқа Чехияның «Славиясы» да құда түскенін жазды. «Меридің прагалық команданың тізгінін ұстау мүмкіндігі өте жоғары» деп сендіреді әлгі сайт. Әріптестеріміздің бұлай деп жазуларының жөні де бар. Өз алаңында «Астанадан» жеңіліп қалып, Еуропа лигасы 1/16-финалының жолдамасын қазақтарға алдырып қойғаннан кейін «Славияның» қытайлық инвесторлары бірден біздің бапкер Станимир Стойловқа қызығушылық танытыпты. Олардың амбициялары да зор. Әрдайым еурокубоктың негізгі кезеңдерінде доп теуіп, Чехияның үздік клубы болғылары келеді. Алайда, әзірге өз чемпионаттарында да көш басындағы Плзеньнің «Викториясынан» 14 ұпайға қалып келеді. Ендеше команданың ойынын жөнге келтіру үшін Станимирді шақыртып жатқан болулары да мүмкін. Бұл ақпаратты өзі қанша жерден жоққа шығарып жатқанымен сенбеске де болмайды.
«Славияға» баруының пайыздық көрсеткіші – 20%
«Астана» (Қазақстан)
Қанша жерден «кетемінге» басқанымен Станимир Стойлов ешқашан «Астанаға» деген махаббатын да жасырған емес. Елордалықтардан ұсыныс күтіп жүргені де шын. Тек еңбегіне қарай өнімін жегісі келетіні түсінікті. Стойлов үшін ең жақсы вариант та осы. Егер қалатын болса, екі жақ та пайда көрмесе, зиян шекпейді. Мұны өзі де жақсы білуі тиіс.
«Астанада» қалуының пайыздық көрсеткіші – 30%
Басқа клубтар
Біздікі жәй долбар ғана. Шын мәнісінде жоғарыдағылардың бірде біреуі Стойловтың таңдауымен сәйкес келмеуі мүмкін. «Ұсыныс жасап жатқан клубтар көп» деп өзі де айтпап па еді... Бұл Англия чемпионаты да болуы мүмкін, Португалия клубы болуы да ғажап емес, Ресей, Түркия, Голландия сынды елдердің командалары да Мериді өз қатарында көргісі келетін шығар. Араб елдерінен бір-ақ шықса да таңғалмаймыз. Бірақ, неде болса, Станимир Стойлов дұрыс таңдау жасайды деп үміттенеміз.
Басқа клубтарға баруының пайыздық көрсеткіші – 14%