Вернуться к списку статей

Жанкүйерге жарымаған қазақ футболы...

Футбол
1K
«Астана» – «Вильярреал» матчына жиналған жанкүйерлер. Фото: fca.kz
Иә, қазақ футболы жанкүйерге жарымай ақ қойды. Ішкі біріншілікті қойып, ұлттық құраманың ойындарында қиқуға басып, тақымын қысып отыратын жанкүйерлерді көру қиын.

Ішкі біріншілікте «Астана» мен «Қайраттың» өзара ойындарын тамашалауға келетіндердің қарасы көп болуы мүмкін. Алайда, екеуінің жекелей ойындарына жиналған жанкүйер қауымды көргенде, іштей қынжыласың. 

Одан көрі «Ақтөбенің» жанкүйерлері қошаметке лайық. «Астана», «Қайрат», тіпті «Оқжетпеспен» ойнап жатса да, тік тұрып, қолдау білдіруден аянып қалған емес. Біздегі жанкүйер мәдениеті еліміздің батыс өңірінде көш ілгері қалыптасқанының көрінісін осыдан-ақ байқауға болады.

Елорда клубының мына бір статистикасына көз жүгіртейік. Өз алаңында өткізетін ойындарда тамашалауға келетін көременнің саны 4 мыңнан сәл асады екен. Бұл дегеніміз – даңғарадай стадионның 16 % ғана...

Жалпы алғанда, орта есеппен премьер-лиганың әр турындағы алты ойынға 20-30 мыңдай жанкүйер жиналады. Әр матчқа шамамен  5-6 мың көрерменнен келеді. Германияның Бундеслигасын айтпағанда, төртінші дивионында ойнайтын «Мюнхен-1860» және «Аугсбург ІІ» арасында өткен ойында көрермен саны 21 мыңнан асып түскен. 

Санға қарап, ойымыз сан саққа жүгірді. Сонда біздің премьер-лига деп ат қойып, айдар тағып жүрген мәртебелі додамыз көрермендер саны бойынша немістің 4-дивизионымен де бәсекелес бола алмағаны ма? Іштей қынжыласың,бірақ қолдан келер шара қайсы?! 

«Астананың» ел чемпионаты аясындағы өз алаңында өткізетін ойындарына жиналатын жанкүйердің санын айтудың өзі ұят. Чемпионатта билеттің бағасы су тегін болса да, ойынды тамашалауға жанкүйерлер зауқы соқпай жүр...

Есесіне, Еурокубок аясындағы матчтарда стадионда ине шаншыр орын болмайды. Мысалы, «Вильярреалмен» болған соңғы ойында стадионға жиналған жамағаттың саны 30 мыңға жетіп жығылған. Әрине,  көз қуантарлық – цифр.

Алайда, үнемі естен шығармауымыз керек:

  1. Аяқдопшыларымыз Еурокубок ойындарында ғана емес, ішкі біріншілікте де біздің қолдауымызға зәру.
  2. Футболшылар таблодағы есеп үшін емес, стадионға жиналып, жанын шүберекке түйіп отырған жанкүйерлер үшін ойнайды.
Автор: Нұрбол Арнабек
Яндекс.Метрика