Вернуться к списку статей

КЕТУ КЕРЕК

Футбол
1K
Шетелдік клубтардан ұсыныстар түскен футболшыларға қайтпек керек?
Еуромаусымдағы сәтті ойындарынан кейін «Астананың» футболшыларына көз тіккен еуропалық клубтар саны күрт артты. Берісі Ресей Премьер-лигасынан, арысы Испания Ла-лигасынан күн сайын әртүрлі сыбыстар жетіп жатыр. Енді футболшыларда қиын таңдау тұр. «Астанада» қалып, өз қазанымызда қайнай берген дұрыс па, әлде тәуекелге бел буып, кетіп қалу қажет пе? Біздің кеңес – КЕТУ КЕРЕК.

Қорғаушылар Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, жартылай қорғаушы Серікжан Мужиков пен шабуылшылар Патрик Твумаси және Жуниор Кабанангалардың қай-қайсылары болмасын, «Астана» шекарасынан асудың сәл-ақ алдында. Бұлардың неліктен кеткендері дұрыс екендігін сараптап көрейік.

Юрий ЛОГВИНЕНКО

Жасы: 22.07.1988 ж.т.

Азаматтығы: Қазақстан

Амплуа: Қорғаушы

«Астанада» 2016 жылдан бері

Трансферлік бағасы: 1,2 млн. евро

Қызығушылық танытқан клубтар: «Малага» (Испания),


Юрий Логвиненкоға Ресей Премьер-лигасының біраз клубтары қызыққандығы жайлы ақпараттар бұған дейінгі жылдары да жиі жазылып жүретін. Алайда, таяуда оған Испания Ла-Лигасында ойнайтын «Малаганың» да көз тіккендігін естідік. Әлбетте, әзірге бұл сыбыс қана. Дегенмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Олай болса, Логвиненкоға мұндай мүмкіндікті жібермеу керек. Рас, «Малага» Испанияның мықтысы емес. Көш соңындағы «Лас-Пальмастан» небәрі бір ұпайға ғана алда тұрған «балықтар» 20 клубтың ішінде 19-ыншы орында келеді. Мұндай командада да Юрий барлық ойында алаңға шығады деп ешкім кепіл бере алмайды. Испания чемпионаты Қазақстан Премьер-лигасы емес. Бірақ, тәуекелге бел буып көру қажет. Бұл оның соңғы мүмкіндігі. Кім біледі, Максимовичтің қолынан келмеген нәрсеге, Логвиненконың шамасы жететін шығар.

Дмитрий ШОМКО

Жасы: 19.03.1990 ж.т.

Азаматтығы: Қазақстан

Амплуа: Қорғаушы

«Астанада» 2014 жылдан бері

Трансферлік бағасы: 2 млн. евро

Қызығушылық танытқан клубтар: Ресей Премьер-лигасы


Дмитрий Шомконың «Астанадан» кететіндігі туралы әңгіме әр маусымнан кейін қызу талқыланып жатады. Соңғы үш-төрт жылда «ұзынқұлақ» оны Ресей Премьер-лигасының барлық клубына апарып тастады. Былтыр елордалық клубтың уақытша менеджері Марко Трабуккидің кезінде басшылыққа ренжіген Шомко маусымнан кейін «Астанадан» кететіндігін мәлімдеген. Кейін бәрі реттелген соң ойынан айнып шыға келді. Алайда, ресейлік клубтар қорғаушымызға әлі де көз тігіп жүргені жасырын емес. Егер Шомконың өзі «иә» десе, олардың кез келгені футболшының алдына келісімшарт құжатын тастай салуға дайын. Дмитрийге де уақыт жоғалтпай, өз күшін шетелде тексеріп қайтқаны дұрыс еді. Ресей Премьер-лигасында Шомко өзін судағы балықтай сезіне алады. Біздің футбол бұл трансферден ұтатыны анық.

Марин АНИЧИЧ

Жасы: 17.08.1989

Азаматтығы: Босния және Герцеговина

Амплуа: Қорғаушы

«Астанада» 2014 жылдан бері

Трансферлік бағасы: 900 мың евро.

Қызығушылық танытқан клубтар: Ресей Премьер-лигасы


Маусым басында Қазақстан чемпионатына көз жүгіртіп, талдау жасаған «Советский спорт» басылымы Ресей Премьер-лигасында ойнай алатын ТОП-11 футболшымызды түзіп шығып, солардың қатарына осы Марин Аничичті де қосқан. Расымен де, Марин биыл «Астананың» басты қорғаушыларының бірі болды. Ал Прагада «Славия» қақпасына гол соғып, елордалықтарды Еуропа лигасының 1/16-финалына шығарғаннан кейін бұл қорғаушыға сұраныс еселеп артты. Аничичке де осы мүмкіндікті пайдаланып, чемпионат ауыстырып көрсе болады. Қазақстан футболы арқылы «Кәртамыс құрлыққа» танылған футболшының нағыз әлеуетін Ресей Премьер-лигасында да бағалап көрген дұрыс еді.

Серікжан МУЖИКОВ

Жасы: 17.06.1989 ж.т.

Азаматтығы: Қазақстан

Амплуа: Жартылай қорғаушы

«Астанада» 2014 жылдан бері

Трансферлік бағасы: 800 мың евро.

Қызығушылық танытқан клубтар: «Ростов» (Ресей)


Серікжан Мужиков биыл «Астанадағы» ғана емес, жалпы жасыл алаңдағы карьерасының ең сәтті маусымын өткізді. Жартылай қорғаушы алаң ортасында қожайындық құрып, Станимир Стойловтың негізгі ойыншысына айналды. Биыл ел чемпионатында 29 ойын өткізіп, 6 гол соққан. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтик» қақпасына гол соқты. Әлбетте, «Астанадан» кеткісі келмейтіні түсінікті. Дегенмен, өзін өзге чемпионатта да сынап көруіне болады. Бір жағынан «Астанамен» келісімшарт уақыты да аяқталып қалды. Ал жаздың соңында өздеріне шақырған Ресейдің «Ростовы» әлі де бұл ойларынан айныған жоқ шығар. Клуб қазір өз елінде үздік сегіздікте келеді. Бұдан да жоғары орындардан көріне алатын шамада. Ендеше Мужиков үшін лайық команда. Оның үстіне, жасы да 28-ге келіп қалды. Ертең 30-ға толғанда мұндай мүмкіндік болмауы да мүмкін.

Патрик ТВУМАСИ

Жасы: 19.05.1994 ж.т.

Азаматтығы: Гана

Амплуа: Шабуылшы

«Астанада» 2013 жылдан бері

Трансферлік бағасы: 2 млн. евро.

Қызығушылық танытқан клубтар: «Бурсаспор», «Фенербахче» (Түркия), «Гамбург», «Штутгарт» (Германия), «Селтик» (Шотландия), «Спартак» (Ресей).


Еурокубок ойындарында ерлеп, ел чемпионын Еуропа лигасында біраз белестерге жетелеген Патрик Твумаси «Астананың» деңгейінен демей-ақ қояйық, Қазақстан чемпионатының әлеуетінен асып кеткенін дәлелдеді. Қазір ганалықтың агенттері қызу жұмыс үстінде. Таңдау көп. Бірақ, қандай шешім қабылдар екен. Әлбетте, біз үшін қалғаны жақсы. Дегенмен, егер мықты клубтан ұсыныс түсіп жатса, онда жолына бөгет болудың да қажеті жоқ. Иә, Түркия немесе Ресей чемпионаттарында атой сала алады. Бірақ, Германиядан көрсек дейміз. «Астанадан» шыққан ойыншы Бундес лигада қарсыластарын шыр көбелек айналдырып жатса, бұл Қазақстан футболшыларына неміс клубтарының назарын аудартар еді.

Жуниор КАБАНАНГА

Жасы: 04.04.1989 ж.т.

Азаматтығы: Конго ДР

Амплуа: Шабуылшы

«Астанада» 2016 жылдан бері

Трансферлік бағасы: 1,8 млн. евро.

Қызығушылық танытқан клубтар: «Ноттингем Форрест», «Лидс», «Халл сити» (Англия), «Кротоне» (Италия), Франция, БАӘ, Қытай.


Басқа-басқа, бірақ Патрик Твумаси мен Жуниор Кабананга шақыртулардан кенде емес. Олардың ойынын көру үшін Прагадағы матчты еуропалық скауттар келіп тамашалаған дейді. Бірнеше күн бұрын журналистерге берген сұхбатында «менде таңдау көп. Жақында бір шешімге келемін» деген. Алайда, «Астана» да оны оңайлықпен жібере қоймас. Қос «қара маржанымен» 2019 жылға дейін келісімшартын ұзартқан елордалық клубтың басшылығы бұларды сатқан жағдайдың өзінде аз ақша сұрамасы анық. Ал кетер болса, «Кротонені» таңдаса дейміз. Клуб қазір Италияның А сериясында 20 команданың ішінде 17-орында. 16 ойында небәрі 12 гол соғыпты. Яғни, шабуылшыға зәру. Кабананга «Кротоненің» алғы шебін шынымен де күшейте алар еді. Мұндай жағдайда біз Италия клубтарының да Қазақстан футболына қызығушылықтарын арттыра аламыз.

«Астана» олардың орындарын алмастыра ала ма?

Әлбетте, бұл жігіттердің бәрі де «Астананың» негізін құрап тұрған футболшылар. Бірақ, елордалықтар бұл трансферлерден қаржылай пайда көріп, қоржындарын қампайта да алады. Ал орындарын алмастыра алатын басқаларды табуға болады. Бұған біз Рохер Каньястың орнына Иван Маевский келіп, «Валенсияға» кеткен Неманья Максимовичтің орнын Срджан Граховац басқанда көз жеткіздік. Оның үстіне, биылдан бастап «Астанаға» салынған трансферлік тиымның уақыты аяқталып, клуб құрамына қалаған футболшысын сатып алуына мүмкіндік алады.Тек бас бапкерден қателеспесе болғаны.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика