«Астана» Еуропа лигасының 1/16-финалына жолдама алған тұңғыш қазақстандық команда болып отыр. Осы ойынның қалай өрбігіндігі туралы және матчтан кейінгі әсерімен команданың жартылай қорғаушысы Серікжан Мужиков клубымыздың баспасөз қызметіне баяндап берді:
– Ойын біз үшін өте қиын болды. Алғашқы таймда өзіміздің ойымыздағы ойын өрнегін көрсетіп, қажетті голды соға алдық. Екінші тайм біздің команда үшін аса сәтті болды дей алмаймын. Алайда, бұл матчта жеңіске жетіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлай алдық. Осы ерен жетістігімізбен барлық қазақстандықтарды, клуб басшылығын және жанкүйерлерді, бапкерлер құрамы мен командалас әріптестерімді құттықтаймын.
– Стадионда 300-ге жуық қазақстандық жанкүйерлер болды. Олардың қолдауын сезіне алдың ба?
– Әрине, қолдауларын анық сезіндік. Осы орайда, стадионға келіп бізді қолдаған жанкүйерлерге және теледидар артында отырып бізге тақым қысқан барша жанкүйерлерге ерекше алғыс білдіргім келеді.
– Серікжан, плей-офф кезеңінде қандай команданың қарсылас атанғанын қалайсың?
– Кез-келген қарсыластың оңай болмайтыны сөзсіз. Алайда, біз осы кезеңге жолдама алу арқылы өзіміздің де оңай шағылатын жаңғақ емес екенімізді дәлелдедік деп ойлаймын. Сондықтан, барынша тыңғылықты дайындалып, кез-келген командаға қарсы ойнауға әзірміз.
– «Астана» командасы осы жылы маусымды басқа командаларға қарағанда кеш аяқтап, алдағы жылы ерте бастамақ. Ол сіздерге алдағы маусымда тезірек спорттық баптарыңызға келіп үлгеруге болады деп ойлайсыз ба?
– Бірінші кезекте дәл қазір ұзақ әрі қиын маусымнан кейін демалып, күш жинап, алдағы маусымға ерекше дайындықпен келуіміз қажет деп ойлаймын. Команда плей-офф кезеңінде лайықты өнер көрсету үшін, ОЖЖ-да жақсылап дайындалып, өз бабымызға келіп үлгереміз деген сенімдемін. Ал оның ар жағында Суперкубок пен ел чемпионаты да жақын. Сондықтан, алдағы маусымның басы біз үшін өте қиын болары сөзсіз.