Вернуться к списку статей

Ярослав Щилгавы – "Астананы" қиындықсыз өтеміз деп ойлаймын

Футбол
1K
Ярослав Щилгавы –
«Астананың» алдағы қарсыласы «Славия» өзара кездесу алдындағы соңғы ойынын өткізіп, өз алаңында Остраваның «Баник» командасын 2:1 есебімен ұтты. Матчтан кейін «Славияның» бас бапкері Ярослав Щилгавы қазақстандықтарға қарсы дайындығы туралы айтып берді.

«Славия» футбол клубының ресми сайтында жарияланған сұхбатты аударар болсақ, ел чемпионатында басты бәсекелесі Плзеньнің «Викториясын» 14 ұпайға ұзатып алып, чемпиондықтан үміттері азайған прагалықтар енді бар күштерін Еуропа лигасына салмақ екен.

– Өкінішке қарай, бұл маусымда чемпиондықтан күдерімізді үзіп отырмыз. Өйткені, «Виктория» бізден біршама ұзап кетті. Қуып жету мүмкін болмайды-ау. Енді келесі маусымда Чемпиондар лигасына екінші орынмен шығуымыз керек. Жалпы, биыл біраз маңызды кездесулер өткіздік. Ел чемпионаты, Чехия кубогы, Чемпиондар лигасы сынды додаларға түстік. Рас, Чемпиондар лигасында топтық кезеңге өте алмадық. Бірақ, Еуропа лигасының топтық кезеңінде сәтті ойнап жүрміз. Сондықтан, Еуропада ұятты болған жоқпыз. Алдағы бейсенбіде де солай болады деп ойлаймын. «Астананы» да қиындықсыз ұтуға тырысамыз. Еуропада бізді әлі біраз ойындар күтіп тұр, - деді Щилгавы.

Естеріңізге сала кетейік, «Славия» – «Астана» ойыны 7 желтоқсанда Прагада өтеді. Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін елордалықтарға қалайда жеңіс керек. Басқа нәтиже біздің жігіттерді қанағаттандырмайды. Ал Чехия чемпионатында қысқы үзіліс басталды. Енді командалар 2,5 ай демалып, 17 ақпанда чемпионаттың көктемгі кезеңін бастайды.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика