Вернуться к списку статей

Қазақстан футзалшылары Ресей құрамасымен тең түсті

Футбол
1K
Ресей – Қазақстан – 3:3. Фото: amfr.ru
Бүгін Иранның Исфахан қаласында «Төрт ұлт турнирі» халықаралық додасы басталып, бірінші ойында Қазақстан және Ресей футзалшылары тең түсті.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы Ресей футзалшыларынан ұтылып жүретін. 2011 жылы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында кездесіп, Венгрияда 0:4 есебімен ұтылған. 2013 жылы Латвияда өткен Еуропа чемпионатының турнирі аясында да жеңіліске ұшыраған-ды (1:5).

Бұдан кейін Қазақстан және Ресей футзалшылары 2016 жылы Белградта өткен Еуропа чемпионатында кездесті. Шектен тыс тартысты өткен ойында тағы да көрші елдің құрамасы басым түскен болатын (1:2). Сол ойында Ресей құрамасының намысын төрт бразилиялық футзалшы қорғаған болатын (Густаво, Эдер Лима, Робиньо және Ромуло).

Ал қазір Ресей құрамасы сапында бразилиялық футзалшылары жоқ. Ирандағы турнирге олар тек өз ойыншыларымен барды. Ал біздің елдің сапында Игита, Дуглас және Лео үштігі әлі бар. Әйтсе де, жеңісті жұлып алудың сәті түспеді. Матч соңында қақпаға кріп бара жатқан допты Абрамович жанұшыра секіріп, басымен кері қайтарды...

Есепті негізі, біздің құрама ашқан. Голды Шыңғыс Есенаманов соқты. Бірақ Ресей құрамасы таразы басын бірден теңестіріп, тіпті іле-шала алға да шықты. Екінші таймда Есенаманов тағы бір гол соғып, есепті теңестірді. Ресейліктер көп созбай, қайтадан алға шықты. Алайда біздің жігітердің де жауабы дайын еді, Лео олардың қуаныштарын бірден басты.

Матч соңында Қазақстан құрамасы шабуылды үдетіп, ресейліктерді тықсыра түсті. Ресей құрамасы бір голды Игита алға шығып кетіп, қателескенде соқса да, Какау өз тактикасынан айнымады. Қақпашымыз алға шығып, ойыншыларымызға көмектесіп отыруға тырысты. Пәрменді соққыларымен ресейліктердің қақпасын бірнеше рет нысанаға алып та көрді.

Әйтсе де, есеп өзгермеді. Жоғарыда жазғанымыздай, Қазақстан футзалшыларының гол соғатын мүмкіндігі болған. Бірақ жеңіс добын соғудың сәті түспей-ақ қойды. Кім біледі, бәлкім, келесі жолы ұтармыз, Ресей құрамасын. Қазір деңгейіміз шынымен де теңесіп қалғандай...

Ресей – Қазақстан – 3:3 (2:1)

Голдар: Есенаманов, 16 (0:1). Лысков, 17 (1:1). Ниязов, 19 (2:1). Есенаманов, 26 (2:2). Абрамов, 28 (3:2). Лео, 29 (3:3).

Ескерту: Оразов, 35.

Төрешілер: Афшар, Амири (екеуі де – Иран)

3 желтоқсан, 2017. Исфахан (Иран). «Нагш-е-Жахан».

Қазақстан: Игита, Дуглас, Лео, Сүлейменов, Есенаманов, Жаманқұлов, Оразов, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Төреғазин, Кнауб, Таку, Першин, Шамро.

Бас бапкер – Какау.

Ресей: Путилов, Абрамов, Абрамович, Асадов, Батырев, Лысков, Ниязов, Шаяхметов, Милованов, Панкратов, Балашов. 

Бас бапкер – Сергей Скорович.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика