Бұған дейін Премьер-лигадағы қазақстандықтар мен легионерлердің голдарын есептеп, сырттан келген сырттандардың мықтырақ екендіктерін байқағанбыз. Бұл туралы мақаламызды мына сілтеме бойынша оқи аласыздар.
Ал бүгін футболшылардың тәртіптеріне таразылағанды тура көрген едік. Нәтижесінде, биыл ел чемпионатында төрешілердің қалтасынан 737 рет сары қағаз алып шығып, 238 ойыншыға ескерту қағазын көрсеткенін есептедік. Оның ішінде 10 футболшы екі клубтың сапында жүріп сары қағазбен жазаланыпты.
737 сары қағаздың 418-і отандық футболшыларға көрсетілген. 309 сары қағазды бас төрешілер легионерлерге көрсетуге мәжбүр болған. Нақты айтар болсақ, 135 қазақстандық футболшы ескерту алған. Шетелдіктердің 104-і сары қағазбен жазаланған.
Ең тәртіпті клуб – «Астана». Бірде-бір ойыншысы алаңнан қуылмаған, 18 ойыншысына ескерту қағазы көрсетілгенімен елордалықтардың еншісіне небәрі 44 рет сары қағаз тиген екен. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Қайсардың» футболшыларына 81 рет сары қағаз көрсетілсе, «Ақтөбенің» 26 ойыншысы ескертумен жазаланған екен.
Қызыл қағаз алудан «Тобыл» алда. Оның үшеуі отандық футболшыларға көрсетілсе, екеуі легионерлерінің еншісіне тиген екен. Жалпы, биылғы ел чемпионатында бас төрешілер қалталарынан 32 рет қызыл қағаз алып шығуға мәжбүр болып, 30 футболшы алаңнан қуылған екен. Оның 16-сы қазақстандықтар, қалған 14-і шетелдіктер.
Ең көп жазаланған футболшы Исламбек Қуат. «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысына биыл 10 рет ескерту қағазы көрсетілген екен. Бірақ, алаңнан қуылған кезі болмапты. Мысалға, «қайсарлық» Валерий Коробкин бір рет алаңнан қуылса, сегіз рет ескерту алған.
Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, ескерту қағазы болсын, қызыл қағаз болсын, қазақстандық футболшыларға көбірек көрсетілгенін байқадық. Қалғанының барлығын суреттердегі диаграммаларға қарап білуге болады.