Топтық кезеңнің 5-ші туры аясында өткен «Астана» – «Вильярреал» кездесуі кезінде стадионда расымен де ине шаншар орын болған жоқ. Сыртта кіре алмаған көрермендерді айтпағанда іште кейбір секторларда бір орында екі адамнан отырып, ойынды қағбаға қарап жұма намазға тұрған жамағат секілді иық тірестіріп тамашалады. Ал екінші таймның басында стадион дикторы стадионға 29 800 көрерменнің жиналғанын хабарлады. «Астана-Аренаның» сиымдылығы 30 000 адам екенін ескерсек, бұл керемет көрсетіш.
Бірақ, бұл еліміздің басты стадионының рекорды емес. Көрермен тартуда "Астана-Аренаның" рекордын жасаған "Астана" – "АПОЭЛ" матчы. Кипрліктермен болған кездесуде жанкүйерге лық толды. Жанкүйер деуге әбден болатын шығар. Өйткені, АПОЭЛ сапында Месут Өзіл немесе Антуан Гризманн сияқты қызығып қарайтын жұлдыз болған жоқ. Стадионға жиналғандардың бәрі "Астананы" қолдау үшін келген болатын.
Бір қызығы, көрермен тартуда екінші орында Қазақстан ұлттық құрамасы емес, Қарағандының "Шахтері". 2013 жылдың тамызы болатын. «Шахтер» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетті. Қарсыласы – «Шахтер». Қарағандылықтар шотландиялықтарды «Астана-Аренада» қабылдады. Соған қарамастан «кеншілерді» қолдауға стадионға 29 950 көрермен жиналды.
«Астана-Аренаға» ең көп көрермен жинаған «Топ-10» ойынды одан әрі жалғастырар болсақ, үздік төрттікте Қазақстан ұлттық құрамасы мен Германия құрамасының ойыны. Мануэль Нойер, Бастиан Швайнштайгер, Месут Өзіл, Томас Мюллер сынды марғасқалардың ойындарын тамашалау үшін стадионға 29 300 көрермен жиналыпты.
Ал ішкі футбол туралы айтар болсақ, 2013 жылы өткен «Шахтер» мен «Тараз» арасындағы Ел кубогының финалдық матчты тамашалау үшін «Астана-Аренаға» 24 500 көрермен келген екен.
Алдағы уақытта халықаралық ойындарда ғана емес, ішкі аренадағы кездесулерді тамашалау үшін де «Астана-Аренаға» әр ойында 30 мың адамнан жиналып, ел футболының басшылығы 60 мың көрермендік стадион салу туралы мәселе көтереді деп армандаймыз (үміттенеміз).