Патрик Твумасидің әрбір жетістігін Гана елі де мақтан тұтады. Өздеріңіз білесіздер, жұма күні кешкісін «Астана» футболшыларын ел чемпионатының алтын жүлдесімен марапаттау рәсімі ұйымдастырылған. Осы салтанатты кештен соң ghanasportsonline.com басылымы Патриктің алған жүлделерін тізіп шықты. Әрі дәл осы кеште түскен суретін де жариялады.
Олардың мәлімдеуінше, Патрик Твумаси «Астананың» үздік ойыншысы атанған. Әрі оның «Астана-Аренада» «Маккаби» клубының қақпасына соққан екінші добы «Маусымның ең үздік голы» болып танылғанын ілтипатпен атап өткен. Сонымен қатар, биыл Қазақстан премьер-лигасында 13 гол соғып, өз командасының екінші сұрмергені атанғанын да ұмытпаған.
Ең бастысы, дәл қазір Твумасиге қай клубтардың «көз салып, сөз айтып» жүргендерін де тізіп шыққан. Аталған сайттың мәлімдеуінше, түріктің «Бурсаспор», немістің «Штутгарт» және Шотландияның «Селтик» клубтары «Астана» футболшысына қызығушылық танытып отырған көрінеді.
Ал осыдан бірер күн бұрын Украина басылымдары (sportanalytic.com және footballtransfer.com.ua) әйгілі Киевтің «Динамосы» да Патрик Твумасиге қызығушылық танытып отырғанын жазған болатын. Негізі, бұл клубтың жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шығып қалған Артем Кравецтің орнына лайықты футболшы іздеп жүргенін естігенбіз...
Ал Патрик Твумасидің өзі әзірше тіс жарып ештеңе айтар емес. «Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында екі ойын өткізуіміз керек. Бар ойым – осы екі матчта «Астананың» намысын абыроймен қорғау. Мен қазір осы команданың ойыншысымын. Бұдан басқа ештеңе ойлап жүрген жоқпын. Алдағы уақытта не боларын дер көзінде көре жатармыз», – деп, тоқ етерін айтып салды.